Астаналық автожуу иелері су үнемдеуге қатысты жаңа талаппен келіспей, дабыл қақты
Жарияланған күні:
Елордалық автокөлік жуу орындары суды тазарту және қайта пайдалану үшін арнайы жабдықты орнатуға міндеттелді. Бұған көптеген орталық иелері наразылық білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасының сайты.
Астаналық автокөлік жуу орындары иелерінің айтуынша, олардың көпшілігі жаңа талапқа байланысты жабылып қалуы мүмкін. Себебі олар бір ай ішінде суды тазарту және қайта пайдалану үшін арнайы жабдықты орнатуға міндеттелген. Әйтпесе, "Астана су Арнасы" хабарына қарағанда, су беру өшіріле бастайды екен.
Ал автокөлік жуу орындарының иелері телеарна тілшілеріне мұндай жабдықты сатып алуға қалтасы көтермейтінін айтып отыр. Сондай-ақ, олардың айтуынша, Қазақстанда мұндай құрылғы жеткіліксіз екен.
"Астана су Арнасы" өкілдері болса кем дегенде 50 автокөлік жуу орны талаптарды орындап қойғанын айтып отыр. Сонымен қатар олар су беру әлі тоқтамайды дейді.
"Ресми үндеу жасаса, олар: "Біз жақында сатып алдық" немесе "Бізге жарты жыл, бір жарым жыл уақыт беріңіз" десе, біз оларға мұндай мүмкіндікті береміз. Мәселе жоқ. (...) Біз өшірмейміз. Содан кейін көреміз. Соңында үнемдегісі келмейтін тұтынушыларды (сусыз – авт. ескертпесі) қалдырамыз", - дейді "Астана Су арнасы" МКК директорының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.
Айта кетейік, жаңартылған Су кодексі аясында кәсіпкерлер суды тазартуға және қайта пайдалануға міндетті, бұл туралы 2017 жылдан бастап ескертіле бастаған. Екі ай бұрын тиісті орган хабарламалар жібере бастаған.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2119836-astanalyq-avtozhuu-ieleri-su-unemdeuge-qatysty-zhanga-talappen-kelispei-dabyl-qaqty/