Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мүлде қайтармаңдар": депутат отставкадағы судьяларды уақытша қызметке тартуға қарсылық білдірді

Жарияланған күні:

Сот
Сот. Көрнекі сурет: Liudmila Chernetska/Getty Images

Мәжілістің жалпы отырысында президенттің жарлығымен отставкаға кетіп, жоғарғы сот төрағасының бұйрығымен алты айға қызметке уақытша қайта тартылатын судьялар мәселесі сөз болды. Бұл ретте депутат Еділ Жаңбыршин президенттің жарлығының үстінен бұйрық шығарып, заңгерлердің өзі заңды бұзып отырғанын айтты. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бүгінгі жалпы отырыста бұл мәселені мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев көтерді.

Оның айтуынша, аудандықтан бастап, республикалық дәрежедегі барлық судьяға дейін жұмысқа президенттің жарлығымен қабылданады, жұмыстан президенттің жарлығымен босатылады. Жұмыстан босатылып кеткен судьяны жоғарғы соттың төрағасы бұйрықпен алты айға қайта қабылдайды.

"Алты ай жұмыс істеп, алты ай демалады. Алты айдан соң қайта келеді. Сонда президенттің жарлығынан Жоғарғы соттың бұйрығы жоғары тұра ма?", - деп сұрады депутат Жоғарғы сот өкілінен.

Бұған Жоғарғы сот өкілі Нұрсерік Шәріпов бұл жайтты заңға қайшы келетін әрекет деп санамайтынын айтты.

"Отставкадағы судьяны алты ай мерзімге жұмысқа тарту мәселесі бар. Жүктеме көп жерге тек қана отставкадағы судьяны, оның өзінде жас шектеуіне қарай қызметке тартамыз.

Қызметтегі судья болсын, отставкаға шыққан судья болсын, олардың статусы бір, ол – судья. Оны судьялық мәртебесінен ешкім айырған жоқ. Сондықтан мұны заңға қайшы келетін әрекет деп ойламаймын.

Екініш оқылымға дейін бұл мәселені жұмыс тобында талқылап көрейік", - деді ол.

Бұл мәселеге депутат Еділ Жаңбыршин де үн қатып, отставкаға кеткен судьяның біржола отставкаға кетуін талап етті.

"Егер президент өзінің жарлығымен отставкаға жіберетін болса, неге біз оны бұйрықпен қайта қабылдауымыз керек? Бұл Конституцияға қайшы. Жарлықпен кетті ме, жарлықпен келсін. Бізде кейбір резонансты мәселелерді алты айға шақырып шешіп отыр деген ақпарат бар. Қалай сонда? Президенттің жарлығынан Жоғарғы соттың бұйрығы маңызды ма әлде одан жоғары ма? Ол дұрыс емес. Оған ешқандай аргумент жоқ.

Сіздердің өкілдеріңіз судья жетіспейтінін айтады. Жетіспесе, дайындаңдар. Неге резерв жасамайсыңдар? Сонда сот жетіспейді деп президенттің жарлығының үстінен бұйрық шығарасыңдар ма? Мұнымен заңгерлердің өзі заңды бұзып отыр.

Жоғары соттың бұйрық шығаруы деген президенттен жоғары болып тұр. Айтып отырған уәждерің келмейді.

Сот президенттің жарлығымен кетті ме, жарлықпен қайтып келсін. Мүлде қайтармаңдар. Отставкаға кетті ме, кетсін. Жаңа жастарды дайындаңдар, оқытыңдар, резервке алыңдар. Бізде заңгерлер лек-легімен жүр. Соларды қабылдаңдар", - деді депутат.

Ол бұл норма өтпейтін болса, заңға қарсы дауыс беретінін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2120079-otstavkaga-ketti-me-ketsin-deputat-shettetilgen-sudialardy-uaqytsha-qyzmetke-tartuga-qarsylyq-bildirdi/