Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайрат Сатыбалдымен және Назарбаевпен жақсы байланыста болды": Гүлмира Сатыбалды ісіндегі жәбірленушіден жауап алынды

Жарияланған күні:

Қасым Жүнісов
Қасым Жүнісов. Сот залынан фото: NUR.KZ/Айгерим Хамзина

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сотта үшінші жәбірленуші Қасым Жүнісовтен жауап алу жалғасты. Ол айыпталушының көрсеткен көмегі туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі сот залынан.

"Абайдың мені жұмысқа шақырғанынан бастайын. Содан кейін мен Гүлмира Сатыбалдымен жақсы таныс болып, бізге жақсы көмектесті. Себебі ол Қайрат Сатыбалдымен және Назарбаевпен жақсы қарым-қатынаста болды. Біздің бірінші жобамыз 1200 орындық мектеп болды. Біз жобаны екі жылда сәтті аяқтадық.

Екінші жобамыз – екі НЗМ мектебі (Назарбаев Зияткерлік мектептері – ред. ескертпесі). Оның қаржысы біріншісінде – 4,5 млрд теңге, екінші мектеп бойынша – 3,7 млрд теңге. Сондай-ақ Мұз айдыны – 24 млрд теңге. Бұл жобаларда қиындықтар болған жоқ. Біз оны уақытында аяқтадық. Мұз айдынына қатысты Назарбаевтың өзі келіп, қабылдады. Тіпті фотосуреттеріміз де бар. Байбекпен (Алматы қаласының бұрынғы әкімі – ред. ескертпесі) 206 орындық химия-биология мектебін де бірлесе отырып жасаған болатынбыз. Бұл жобалар бойынша ешқандай мәселе немесе қарыз болған жоқ", - дейді жәбірленуші Қасым Жүнісов.

Жәбірленуші бұл нысандарды "Ария Жаңа Қазақстан" ЖШС салғанын атап өтті. Жәбірленушілердің адвокаты іске растайтын фотосуреттерді қосуды сұрады.

"Гүлмира Сатыбалды, әкім Байбек мен Қасым Жүнісовпен бірге түсірілген суреттер бар, заңбұзушылықтар, заңды даулар, қарыздар, келеңсіздіктер болса, президент келіп қабылдамас еді", - дейді адвокат.

Жәбірленуші бұл фотосуреттермен жобалардың уақытында аяқталғанын дәлелдегілері келетінін айтты. Қорғаушы тарап та өтінішті қанағаттандыруды сұрады, судья оны қанағаттандырды.

Сондай-ақ жауап алу кезінде жәбірленуші тараптың адвокаты Қасым Жүнісовтен ағасы Абаймен отбасылық жанжал болды ма деп сұрады. Жәбірленуші ешқандай жанжал болмағанын айтып, Абай Жүнісов Қайрат Сатыбалдының балаларына қалай көмектескенін айта бастағанда оның сөзін айыпталушы бөлді.

"Мен қарсылық білдіремін. Менің балаларымның туған әкесі бар. Оларға жақсы қарап, асырап бағады. Абай Қайрат Сатыбалдының балаларын асырады деген... енді. Өз балаларын асырап алсын, бірақ менің үш балама тиіспесін", - деді Гүлмира Сатыбалды.

Судья тоқтатып, айыптталушыны сабырға шақырды.

Айта кетейік, Алматыда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іс бойынша басты сот отырысы басталды.

Оған кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айырды және одан аса ірі мөлшерде ақша бопсалады, рейдерлік жасады, өз бетінше билік жүргізді деген айып тағылып отыр. Ал оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаев заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша сот алдына келді. Іс бойынша жәбірленуші кәсіпкердің адвокаты Рашид Теңізбаев жәбірленуші Абай Жүнісов пен сотталушы Гүлмира Сатыбалды бұрын туыстық қатынаста болғанын растаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2120895-qairat-satybaldymen-zhane-nazarbaevpen-zhaqsy-bailanysta-boldy-gulmira-satybaldy-isindegi-zhabirlenushiden-zhauap-alyndy/