Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Парламент отырысында кейбір заңдардың нормалары Конституцияға қайшы келетіні айтылды

Жарияланған күні:

Қазақстан Республикасының Конституциясы
Қазақстан Республикасының Конституциясы. Видеодан кадр: YouTube/Тұңғыш президент кітапханасы

Парламент палаталарының бірлескен отырысында конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова Қазақстанның кейбір заңдарындағы нормалар Конституцияға сәйкес келмейтінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әзімованың мәлімдеуінше, конституциялық нормаларды сақтамау салдарынан 7 заң мен Жоғарғы соттың бір нормативтік қаулысының нормалары Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды:

  • Салық кодексінің 610-бабы 2-тармағы – талап қою арыздарын бергені үшін мемлекеттік баждың белгіленген мөлшері бөлігінде және әкімшілік талап қою кезінде сот арқылы қорғауына конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және шектеуге әкеп соғатын ереже (жойылды);
  • Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 6-шы және 14-тармақшаларының, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңның 38-бабы 2-тармағының 11-тармақшасының, құқық қорғау қызметі туралы заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасының ережелері – мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы құқық бұзушылықтар үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларынан туындайтын құқықтық шектеулердің сәйкессіздігіне байланысты мемлекеттік қызметке кіруге мерзімсіз тыйым салуды белгілеу;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңның 13-бабы - Конституцияда белгіленген мақсаттарға нақты айқындалған құқықтық байланыстың болмауынан кәсіпкерлік қызмет бостандығына конституциялық құқықты шектеуді белгілеу;
  • Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабының үшінші, бесінші бөліктері және алтыншы бөлігінің 1-тармақшасы – күшіне енген сот үкімі негізінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталғандардың туыстарымен қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесулерінің әртүрлі санын белгілеу (жойылды);
  • Жоғарғы соттың №2 нормативтік қаулысының ережесі – сотқа бала асырап алу туралы арыз берген кезде сотқа жүгінуге конституциялық құқықты шектейтін және баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету мемлекетінің міндеттемесіне сәйкес келмейтін молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысын ұсыну туралы императивті талапты белгілеу (жойылды);
  • Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 482-бабының бірінші бөлігі – қорғаушының кассациялық іс жүргізуде және үкімді орындау сатысында сотталғанның құқықтары мен мүдделерін білдіру өкілеттігін шектеу.

Сондай-ақ Конституциялық сот басшысының айтуынша, пысықтауды талап ететін басқа да заң нормалары бар.

Мәселен, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша үкіметке зақымдалған аумақтардағы қазіргі радиоэкологиялық ахуалды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, медициналық және өзге де факторларды ескере отырып, жаңа қағидаттар мен тәсілдерді зерделеу қажет.

Қазақстан Республикасының Конституциялық соты ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді.

Конституциялық сот өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес және азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз, Қазақстан Республикасының Конституциясын және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы"Конституциялық заңды басшылыққа алады, соттардың немесе басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін барлық жағдайларда өзге мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден қалыс қалады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың наурыз айында Парламент палаталарының бірлескен отырысында Тоқаев Қазақстанда конституциялық сот құруды тапсырған болатын. Ол аталған орган теңгерімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121627-parlament-otyrysynda-keibir-zangdardyng-normalary-konstitutsiiaga-qaishy-keletini-aityldy/