Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

10 күнде 13 адам: Қостанай облысында су айдындарында неге кісі өлімі жиілеген

Жарияланған күні:

Су
Су. Көрнекі фото: pixabay.com

Қостанай облысында биыл өзен-көлдерден келер қауіп-қатер сейілер емес. Су тасқынынан кейін айдындарда адам өлімі жиіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев айтты.

Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, айналдырған 10 күннің ішінде, нақтырақ айтқанда, маусымның 10-ынан 20-сы аралығында 13 адам суға батып, қайтыс болды. Соның төртеуі кәмелет жасқа толмағандар. Ал былтыр төрт айға созылған шомылу маусымы кезінде 13 адам қайтыс болған еді, оның барлығы да ересек жандар.

"Күні кеше ғана жұмыстан соң өзім қайыққа отырып, Тобыл өзенін түгел аралап өттім. Өзеннің жан-жағының бәрі су тасқыны кезінде шайылды. Үлкен ағаш, қирандылар мен қоқыстар бәрі жатыр. Оны жергілікті атқарушы орган тазалап, ретке келтіріп жатыр. Тобыл өзенінің бұрын адамдар шомылған жерлеріне "шомылуға рұқсат берілмеген" деген тақтайшалар орнатып қойғанбыз. Өкінішке қарай біздің азаматтар оған мән бермейді. Келеді де сүңгиді, одан кейін астында не барын білмейді. Тас бола ма, темір бола ма? Өйткені өзіңіз білесіз су тасқыны кезінде көп нәрсе орнынан жылжып кетті, қоқыс өзеннің түбінде жатыр", - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев.

Секундына 1500-2000 текше метрмен жеткен жойқын су жолындағының бәрін жайпап өтті. Тіпті контейнерлер мен самалжайларды, шатырларды жаңқа ағаш секілді іліп әкетті. Бүгінде су түбінде тамырымен жұлынған қалың қамыс, бағаналар мен құрылыс материалдарының сынықтары толып жатыр. Осыған орай мамандар жағажайлардың көбін жауып тастаған. Шомылу кезеңінде төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында Төтенше жағдай департаменті күшейтілген қызмет атқару режиміне көшкен.

Сондай-ақ суда қаза болу оқиғаларының күрт көбеюіне байланысты облыс әкімі судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі жалпы кеңесте көтерді. Онда барлық деңгейдегі әкімдерге, мектеп директорларына және учаскелік қызметкерлерге облыс су айдындарында рейдтік іс-шаралар өткізу міндеті қойылды. Бүгінде аймақтағы су айдындарында күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізеді. Оған 120 құтқарушы, 35 автомобиль мен құтқару техникасы, 18 жүзу құралы жұмылдырылған.

"Арнайы рейдтен кейін өңірде 26 жерде ғана суға шомылуға рұқсат етілді. Соның 8-і коммуналдық, 18-і жекеменшік жағажайлар. Ал 228 жерде суға түсуге тыйым салынды деген арнайы белгілер қойылды. Тіпті Қостанай қаласындағы тұрғындар көп жиналатын орталық жағажай да әлі жабық тұр. Мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тасқын су жағажайдағы құм мен қауіпсіздік белгілерін, биіктен бақылайтын мұналарды шайып кеткен", - дейді облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев.

Облыс аумағында 9 мыңнан астам су айдыны (8604 көл, 877 зеңді көл, 30-дан астам өзен мен салалар және 8 су қоймасы) бар, соның ішінде шомылу кезеңінде халық жиі баратын 228 айдын жабдықталмаған. Осындай қауіпті жерлердегі "суға түсуге болмайды" деген ескертуді елемегендер әкімшілік жазаға тартылып жатыр.

Әкімшілік кодекстің 412-бабы, яғни "Балаларды қараусыз қалдыру және жабдықталмаған жерлерде шомылу" бойынша 58 іс қозғалып, 13 адамға 180 мың теңге айыппұл салынған. 45 тұрғынға ескерту жасалыпты.

Тобыл өңіріндегі сәуір айында буырқанып, асау тайдай тасыған өзен-көлдер мамырда арнасына қайта оралып, тынышталғандай болған еді. Су тасқынынан 1200-ге жуық тұрғын зардап шегіп, 1114 үйге су кірді, 680 баспана тұруға жарамыз болып қалды. 3500 бас мал суда тұншығып арам қатты. Бірақ ең бастысы адам өлімі болмаған. Ал тынышталған өзен-көлдерде ажал құшқан адамдар санының күрт өсуі көпшілікті алаңдатып отыр.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2121891-10-kunde-13-adam-qostanai-oblysynda-su-aidyndarynda-nege-kisi-olimi-zhiilegen/