Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақша да, атақ та көмектеспеген: із-түссіз жоғалған әлемге әйгілі тұлғалар тағдыры

Жарияланған күні:

Амелия Эрхарт
Амелия Эрхарт. Фото: Interim Archives/Getty Images

Әлемде күніне жүздеген адам хабар-ошарсыз кетіп жатады. Олардан жақындары айлап, тіпті жылдап хабар күтеді, бір дерегі шығып қалар деген үмітпен таңын атырып, күнін батырады. Олардың іздеушісі жақындары ғана болса, із-түссіз жоғалып кеткен танымал адамдардың тағдырына әлем жұрты алаңдаушылық білдіреді. Арнайы іздеу жұмыстары жүргізіліп, зерттеулер ұйымдастырылады. Бұдан қаншалықты нәтиже шығады, ол жағы тағы белгісіз. Бұл материалымызда айдың күннің аманында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен танымал тұлғалар туралы айтып беруді жөн көрдік.

Антуан де Сент-Экзюпери

Француз жазушысы, кәсіби ұшқыш Антуан де Сент-Экзюпери 1944 жылы 31 шілдеде, 44 жасында із-түссіз жоғалып кеткен.

Антуан де Сент-Экзюпери
Антуан де Сент-Экзюпери: 24smi.org

Ол 1900 жылы 29 маусымда Лионда дүниеге келген. Он екі жасында Жюль Шарль Тусен деген атақты ұшқышпен бірге көкке көтерілгеннен бастап ұшқыш болуды армандаған. Бала арманы орындалып, Экзюпери әскери және азаматтық авиация ұшқышы атанады. Ұшқыш бола жүріп, журналистикаға бет бұрған. Жазушы ретінде әдеби қарым-қабілетін рейстер арасындағы үзілістер кезінде шыңдаған. Ал әйгілі "Кішкентай ханзада" атты аллегориялық шығармасын із-түзсіз жоғалып кетерінен бір жыл бұрын, 1943 жылы Солтүстік Африкада қызметте жүргенде жазады.

Жазушы 1944 жылы 31 шілдеде Корсика аралынан жергілікті жерлерді суретке түсіру тапсырмасы бойынша ұшып шығады, бірақ сол сапарынан оралмаған. БАҚ-та жарияланған деректерге сүйенсек, сол күні ауа райы қолайлы болған. Дегенмен қалай, қандай жағдайда жоғалып кеткені сол күйі беймәлім болып қалған. Тек 54 жылдан кейін бір балықшы теңізде кездейсоқ жазушының білезігін тауып алады. Бұл білезік жазушыға тиесілі болғанын сенімді түрде айтып отырғанымыз, онда "Сент-Экс" деген жазу болған. Достары оны солай атаған деседі. Мұны жазушының қатыс болғанынан хабардар ететін белгі ретінде қабылдағандар да болды. Кейінірек ұшақтың қалдықтары табылды. Бірақ ұшқыштың денесі сол күйі табылған жоқ.

Майкл Рокфеллер

Бай әулеттің мұрагері, америкалық этнограф, антрополог, зерттеуші, саясаткер және банкир Нельсон Олдрич Рокфеллердің ұлы Майкл Рокфеллер 1961 жылы 23 жасында жоғалып кеткен.

Майкл Рофеллер
Майкл Рофеллер. Фото: Пибоди археология және этнография музейі

Әйгілі банкирдің ұлы бала күнінен тарихқа, этнография мен антропологияға қатты қызығушылық танытып, қысқа ғана өмірін ғылымға арнаған.

Майкл Рокфеллер 1961 жылдың күзінде голландиялық этнограф Рене Вассингпен бірге экспедицияға аттанады. Олар бірегей заттар алу үшін жергілікті асматтар тайпасының қонысына баруды ұйғарады. Жергілікті тұрғындар Рокфеллерді асматтарға барудан бас тартуға үгіттейді, өйткені олар адам жегіш тайпа ретінде танылған. Соған қарамастан, 1961 жылы 17 қарашада Рокфеллер мен Вассинг екі жол нұсқаушыны ертіп, аборигендердің қолдан жасалған қайығына мотор орнатып жолға шығады. Орта жолда қайықтың моторы өшіп қалады да, екі жергілікті тұрғын жанармай алып келуге кері жүзіп кетіп, бірнеше күннен кейін табылады.

Ал Рокфеллер мен Вассинг қайықта қалады, бірақ көп ұзамай қайықты толқын аударып тастайды. Олар сынған қайықтың үстінде біраз жүзіп жүреді. 19 қарашада Рокфеллер Вассингке жағаға қарай жүзіп баратынын айтқан. Вассинг онымен бірге жүзуден бас тартып, қайықта қалады. Майкл сол күйі ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Вассингті әскери ұшқыштар байқап қалып, құтқарып қалады, есін жиған соң ол болған жайтты баяндап, Майклдың жағаға қарай жүзіп бара жатқанын көргенін айтады.

Майкл Рокфеллерді іздеуге мол қаржы бөлініп, көп адам жұмылдырылған, алайда миллиондаған долларға бағаланатын байлықтың мұрагері сол күйі хабар-ошарсыз кеткен. Майклды жолай кісі жегіш асматтардың қолына түскен деген де болжам айтылады. Солардың қолынан оның киіміне ұқсас киім көргендер болған. Дегенмен қалай, қандай жағдайда жоғалып кеткені әлі күнге дейін белгісіз.

Джим Салливан

Америкалық әнші, гитарашы Джим Салливан 1975 жылы із-түссіз жоғалып кетті.

Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен музыкант бір күн бұрын әйелінің өнерін тамашалау үшін Нэшвиллге бара жатқан. Жолда полицейлер оны ішімдік ішкен деген күдікпен тоқтатқандықтан, ол жол бойындағы қонақ үйлердің бірінде түнемек болады. Кейін оның қонақ үйден нөмір алып, заттарын орналастырып, дүкенге шығып кеткені анықталған, бірақ ол сол күйі қонақ үйге оралмаған.

Келесі күні жол бойындағы қонақүйден 40 шақырым жерден Саливанның көлігі табылған, көліктің ішінде музыканттың құжаттары мен гитарасы болған.

Жұлдыздың жанкүйерлері оны өзге ғаламшарлықтар ұрлап кеткен деп топшылайды. Өйткені Салливан ғарыш тақырыбына қызыққан, тіпті оның алғашқы альбомы U.F.O деп аталған.

Джим Салливан
Джим Салливан. Видеодан кадр: youtube.com/tothisday914

Амелия Эрхарт

Аты аңызға айналған америкалық ұшқыш Амелия Эрхарт 1937 жылы шілдеде жоғалып кеткен.

Амелия бүкіл әлемге Атлант мұхиты арқылы ұшқан алғашқы әйел ретінде танылған. Ол феминизмді жақтаушы болған, Пердью университетінің авиация бөлімін басқарған. Антуан де Сент-Экзюпери секілді ол да бала күнінен ұшқыш болуды армандаған.

Амелияның арманы жер шарын ұшақпен шарлап шығу болған. Алайда 1937 жылы 17 наурызға жоспарланған алғашқы сапары басталмай жатып сәтсіз аяқталған.

Бұл жағдай Амелияны тоқтата қоймаған, ұшақ күрделі жөндеуден өткеннен кейін ол тағы бір әрекет жасады, бұл жолы алдыңғысындай екі штурманды емес, Фредерик Нунанды ғана ертіп шығады. Сол жылы 20 мамырда ұшқыштар Lockheed Electra ұшағымен ұшып шығып, шілде айының басына қарай жоспарланған бағыттың 80 пайызын ұшып өткен. Олар Атлант, Арабия, Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азияны кесіп өткен. 2 шілдеде Амелия мен Фред Нунан Папуа-Жаңа Гвинеяның жағасындағы Лаэ деген шағын қаладан Тынық мұхитының орталық бөлігіндегі шағын ғана Хауленд аралына қарай ұшады. Сапардың бұл кезеңі ұзақ әрі қауіпті саналған, өйткені 1930 жылдары навигация арқылы Тынық мұхитынан құрғақ жерді анықтау қиын болған.

Президент Рузвельттің бұйрығымен ұшқыштар үшін арнайы ұшу-қону жолағы салынып, шенеуніктер мен журналистер оларды күтіп тұрған. Алайда ұшақ сол күйі діттеген жеріне жете алмай, радардан жоғалып кеткен. Эрхарт оның алдында ұшақтың жанармайы таусылып бара жатқанын, солтүстік пен оңтүстікке қарай ұшып бара жатқанын баяндап үлерген.

Сол жылдары іздеу жұмыстарынан еш нәтиже шықпаған. Ұшақтың өзі де, сынықтары да табылмады. 2016 жылы Амелия мен онымен бірге ұшқан штурманды жапондықтар тұтқынға алған деген болжам айтылған. Ал жақында әлемдік БАҚ Амелия тізгіндеген ұшақ бөлшектері Тынық мұхитынан табылғанын жазды. Бірақ бұл ұшқыштың да қандай күйде, қалай жоғалып кеткені күні бүгінге дейін белгісіз күйде қалып отыр.

Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен танымал тұлғалардың тағдыры көп адамды толғандыратыны анық. Бір білеріміз, олардың көбі сүйікті ісімен айналысып жүріп, басын қатерге тіккен. Оларды бала арманының жетегінде кеткендер деуге де болатын сияқты. Біз сөз қылған танымал адамдардың қалай, қандай жағдайда жоғалғаны туралы әлі күнге мардымды ақпарат жоқ. Дегенмен соңғы ашылып жатқан ғылыми жаңалықтар мен заманауи құрылғылар қандай да бір дерек тауып қалар деген үміт те жоқ емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2122029-aqsha-da-ataq-da-komektespegen-iz-tuzsiz-zhogalgan-alemge-aigili-tulgalar-tagdyry/