Бишімбаев ісінен соң тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыз көбейді ме
Жарияланған күні:
Алматы полициясы некесіз әйелін өлтірді деп айыпталған Бишімбаевтың сот отырысынан соң тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары полицияға көп жүгіне бастады ма деген сауалға жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айтан Елеусізов тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан түсетін арыздарға қатысты пікір білдірді.
"Бұл жайттан кейін арыздар саны көбейген жоқ... статистика айтарлықтай өзгермеді. Бірақ жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық пен басқа зорлық құрбандарынан түсетін арыздар саны артып жатқаны байқалады.
Бұл халықтың құқық қорғау органдарына сеніп, өзіне немесе танысына қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін хабарлайтынын көрсетеді. Олар зорлықтың куәгері болса, айтады", - деді Елеусізов.
Айта кетейік 2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы мейрамханалардың бірінде бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың азаматтық әйелі Салтанат Нүкенова алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. Бишімбаев бастапқыда оны ұрғаны, артынша өлтіргені үшін күдікті деп танылды.
13 мамырда Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2122932-bishimbaev-isinen-song-turmystyq-zorlyq-zombylyq-turaly-aryz-kobeidi-me/