Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайда 3,1 млрд теңге субсидияны жымқырды деп айыпталған күдікті топқа қатысты іс сотқа жетті

Жарияланған күні:

қылмыстық істі қарау
Сот залынан фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгін Қостанайда 3,1 млрд теңге мемлекеттік субсидияны ұрлады деп айыпталған 30 адамның ісі бойынша сот отырысы басталды. Олар – Қостанай, Павлодар және Ақтөбе облыстарының тұрғындары, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының отырысына айыпталушылардың жартысына жуығы жолдың шалғайлығына байланысты бейнебайланыс арқылы қатысты.

Бұл схемаға тартылған 30 адамның 13-і ұйымдасқан топтың мүшелері саналады. Оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау күдігімен айып тағылуда.

Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері бұл топтың бес белсенді мүшесін былтыр маусым айында құрықтаған. Сотқа дейінгі тергеуді жүргізген ведомствоның мәліметінше, күдіктілердің ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыруына ет өндеу комбинатының директоры Александр Пархоменко басшылық еткен. Ол Ресей федерациясының тумасы, Қазақстан азаматы.

Айыптау актісіне сүйенсек, ет өндеу комбинатының жалғыз құрылтайшысы, әрі директоры Александр Пархоменко жымысқы ойын шаруа қожалықтарынан жалған мал сатып алу арқылы жүзеге асырған. Жалған шот-фактуралар жасатып, соймаған малды етке өкізген болып, соған "Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту" ұлттық жобасын іске асыруға қаралған субсидияны алып отырған.

"Салықтық тексеру актісінің қорытындысы бойынша мынадай шаруа қожалықтарымен қызмет көрсету, тауар тиеу және жөнелту бойынша іс жүзінде орындалмаған қызметі үшін шот-фактура жасаған:

  • 2015 жылы: "Эхо" шаруа қожалығымен (бұдан әрі ШҚ - ред.ескертпесі) сомасы - 39 332 510 теңге және "Жұмабаев" шаруа қожалығымен сомасы - 48 087 270 теңге.
  • 2016 жылы "Эхо" ШҚ-мен сомасы - 22 171 300 теңге, "Орда" ШҚ сомасымен - 41 759 930 теңге, "Агра-Сату" ШҚ-мен сомасы - 64 469 970 теңге, "Бірлік" ШҚ-мен сомасы - 92 871 890 теңге, "Бейбітов" ШҚ-мен сомасы - 149 211 209 теңге.
  • 2017 жылы: "Кристал" ШҚ-мен сомасы - 65 588 422 теңге, "Құндыз" ШҚ-мен сомасы - 66 388 186 теңге, "Сапарова" ШҚ-мен сомасы - 67 895 467 теңге, "Эхо" ШҚ-мен сомасы 61 108 732 теңге", - дейді Қостанай облыстық прокуратурасының аға прокуроры Жомарт Елеусінов.

Іс материалдарында жоқ малға жалған құжаттар жасауға ветеринарлық дәрігерлер көмекке келгені айтылған. 7 ветеринарлық дәрігерге ақпараттық жүйеге ойдан құраған деректерді енгізіп, құжаттарды қолдан жасады деген айып тағылып отыр. Тіпті 2 логистикалық фирма арқылы жалған тасымал құжаттарын жасатқан деген күдік бар. Сондай-ақ ет комбинатының директоры Александр Пархоменко мемлекеттік көмекті жымқырып қана қоймай, салықтан да жалтару жолдарын тапты деп айыпталып отыр.

"Пархоменко жасалмаған қызмет көрсету мен тауарлар туралы жалған шот-фактураларды пайдаланып, шығыстары туралы жалған деректерді декларацияға енгізу арқылы бюджетке салық төлеуден жалтарған. 419 млн 832 мың теңге көлемінде салықтан жалтырған", - дейді айыптау актін оқыған Қостанай облыстық прокуратурасының аға прокуроры Жомарт Елеусінов.

сот отырысы
Сот залынан фото: KAZ.NUR.KZ

Ұйымдасқан топтың басшысы өзінің бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданды деп те күдікке ілінген.

Айыптау актісіне сәйкес, ет өндеу комбинатының былығын құжатқа түсірген мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Бисекеевке Пархоменко тексерісті доғарып, кейін қайтуды сұрайды. Бірақ салық инспекторы алған бетінен қайтпаған. Барлық мәліметті актілеп, мемлекеттік кірістер жөніндегі департаментке жолдаған. Оның бұл ісі ет комбинатының директоры Пархоменкоға ұнамай қалған. Кәсіпорынның қауіпсіздік істері жөніндегі басшысы Сабановты шақырып алып, 200 мың теңгеге Бисекеевті ұрып-соғатын адам табуды тапсырады. Сабанов осы кәсіпорында істейтін бір жұмысшыны шақырып алып, Порхоменконың тапсырмасын айтқан. Ақшаға зәру қарапайым жұмысшы 200 мың теңге үшін Бисекеевті таяққа жыққан.

Бұл схемаға тартылған 30 адамның 13-і ұйымдасқан топтың мүшелері саналады. Оларға субсидияларды жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау күдігімен айып тағылуда.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер 107 млн теңге өтеген, ал 3,1 млрд теңге мүлкіне тыйым салынды.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2123208-qostanaida-3-1-mlrd-tengge-subsidiiany-zhymqyrdy-dep-aiyptalgan-kudikti-topqa-qatysty-is-sotqa-zhetti/