Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сүрілетінін ескерткен жоқ": Алматыда саяжай иелері жерін алып қоятынын газеттен білген

Жарияланған күні:

Саяжай
Саяжай. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдағы "Теплоэнергетик" және "Энергостроитель" бау-бақша серіктестіктеріндегі саяжай иелері кез келген уақытта үйі сүріліп, далада қаламыз ба деп үрейленіп отыр.

Фарида есімді тұрғынның айтуынша, саяжай иелері Алатау ауданындағы "Теплоэнергетик" бау-бақша серіктестігіндегі жерлері мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылатынын газеттен оқыған.

"Оның себебі – "Батыс жылу кешеніндегі" ЖЭО-2 жылу желілерінің тозуы. Алматының жер қатынастары басқармасына барғанымызда бізге ешқандай ақпарат түсіндірілген жоқ, жауап маусым айының соңында берілетінін айтты.

Олар қаулының күші жоқ екенін және ол түзетілетінін, ал ЖЭО санитарлық аймағының радиусы әлі анықталмағанын айтып, алаңдамауға шақырды", - дейді учаске иесі Фарида.

Сондай-ақ ЖЭО-2 өкілдері тұрғындарды тыңдалымға шақырып, кәсіпорын экологиялық таза отынға ауысатынын, яғни санитарлық аймақ екі есе азаятынын хабарлаған.

"Содан кейін ЖЭО-ның бас кеңсесінде заңгермен сөйлестік. Оның айтуынша, олардың бұл ережеге ешқандай қатысы жоқ, өйткені "Теплоэнергетик" солтүстікте орналасқан, ал қаулыда "Батыс жылу кешеніндегі" жылу желісінің тозуы көрсетілген, яғни бұл бізден мүлдем алыс.

Артынша біз энергетика басқармасына бардық. Бізге басшының орынбасары көмекшісімен бірге келіп, мұндай ақпараттың қайдан шыққанын сұрады. Мен газетті көрсеттім. Олар бұл туралы естімегенін айтты", - деп еске алады Фарида.

Тұрғынның сөзінше, саяжай тұрғындарына бұл мәселені шешу үшін комиссия құрылатыны айтылған. Ол үшін әртүрлі ведомстволардан бірқатар маман, соның ішінде индустриялық аймақтан өкіл шақырмақ екен. Бірақ Фарида бұл шара күмән тудырып отыр, дейді.

Қазір саяжай иелері әкімшілік сотқа шағым түсірген. Алматылықтар өз учаскелерінің жағдайын тым болмаса осылай білгісі келіп отыр. Өйткені оларға тіпті саяжайлары сүрілетіні хабарланбаған. Өтемақы туралы мәліметті де ешкім бере алмай отыр, дейді саяжайдағылар. Тұрғындар өз үйінде қалғысы келеді, өйткені 70 пайызы қысы-жазы сонда тұрады.

Аталған жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы қаласының жер қатынастары басқармасына хабарласты. Басқарма екі бау-бақша серіктестігінің аумағында 293 жер учаскесі бар екенін хабарлады.

"Мемлекет басшысының 2022 жылғы 19 мамырдағы тапсырмасын және "ЖЭО-2 - Батыс жылу кешені" жылу магистралінің тозуы мәселесі жөніндегі кеңестің хаттамасын орындау мақсатында Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы өнеркәсіптік объектілердің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтін және ЖЭО-2 күзет аймағына кіретін "Энергостроитель", "Теплоэнергетик" бау-бақша серіктестіктерінің жер учаскелерін алып қою туралы хатқа бастамашылық етті.

Алматы қаласының әкімдігі 2024 жылғы 27 наурызда "Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы" қаулы қабылдады. Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қою жөніндегі іс- шаралар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауына сәйкес жүргізіледі", - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік өкілдері тұрғындарды толық ақпарат алу үшін Абай даңғылы, 90 мекенжайындағы 801-кабинетке жүгінуге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2123346-suretinin-eskertken-zhoq-almatyda-saiazhai-ieleri-zherlerin-alyp-qoiatynyn-gazetten-bilgen/