Көліктердің үстіне құлап, залал келтірген: Алматыда ағаштан келетін апаттарға жауапты шенеунік анықталды
Жарияланған күні:
Алматы прокуратурасы жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғау бойынша заңбұзушылықтарды анықтап, кінәлі деп танылған "Eco Almaty" кәсіпорнының басшысын жазаға тартты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша, Медеу ауданының прокуратурасы сотта азаматтық істерді қарау кезінде Алматыда жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау жұмыстарын атқару кезінде заңбұзушылықтарды анықтаған.
"Талдау нәтижесі бойынша қалада ағаштар жауын-шашын әрі жел болған кезде құлап, автокөлік құралдарына, әсіресе азаматтарға зиян келтіретіні белгілі болды. Осы деректердің салдарынан адамдар келтірілген материалдық шығынды өндіріп алу әрі автокөліктерді қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге мәжбүр", - делінген хабарламада.
Мәселен, 2023 жылдан бастап соттар азаматтардың 51,3 млн теңгені өтеу туралы 32 талап-арызын қараған. Осыған байланысты мемлекеттік бюджеттен 31,2 млн теңге өндірілген.
Прокурорлар жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша тиісті шаралар қабылданбағанын анықтады. Кешенді түгендеу және орман патологиялық зерттеу, сондай-ақ мәліметтерді тиісті базаға енгізу жұмыстары толық көлемде жүргізілмеген.
"Аталған дерек бойынша Медеу ауданының прокуратурасы заңбұзушылықты жою туралы ұсыным енгізді.
Қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша "Eco Almaty" ЖШС директоры тәртіптік жауаптылыққа тартылды, апатты ағаштарды анықтау жөнінде қосымша шаралар қабылдануда", - деп жазды ведомство баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2124972-kolikterding-ustine-qulap-zalal-keltirgen-almatyda-agashtan-keletin-apattarga-zhauapty-sheneunik-anyqtaldy/