"Кемеңгер көсемдер мен аңыздағы қаһармандар емес": Тоқаев әділетті Қазақстанды кімдер құратынын айтты
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстанды кім құра алатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады. Осындай адамдарды жан-жақты насихаттау қажет. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар", - деді президент.
Оның пікірінше, мемлекеттің қуаты – халықта, ал халықтың қуаты жасампаз күш-жігерде әрі отаншылдықта.
"Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған. Біз үшін реформалардың өзі ғана емес, түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес, нақты іске негізделген. Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып, әл-ауқатын арттыру.
Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі", - деді Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2125008-kemengger-kosemder-men-angyzdagy-qaharmandar-emes-toqaev-adiletti-qazaqstandy-kimder-quratynyn-aitty/