Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мал түгендеуге шыққан: Түркістан облысында тауда жоғалып кеткен екі жасөспірім тікұшақ көмегімен табылды (видео)

Жарияланған күні:

Түркістан облысында тауда жоғалған екі жасөспірім табылды
Түркістан облысында тауда жоғалған екі жасөспірім табылды. Фото: t.me/POLICE_of_KZ

26 маусымда Түркістан облысында екі жасөспірім мал іздеп тауға шығып, адасып қалған. Оларды іздеуге дрондар мен тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомство мәліметінше, тауда жоғалып кеткен 16 жасар 2 жасөспірімді полиция тапты. Түркістан облысы Созақ ауданының полициясына 26 маусым күні таңертең 11 бас жылқы мен 7 бас құлынын түгендеу үшін тауға шығып, қайта оралмаған екі кәмелетке толмағандар туралы хабарлама келіп түсті.

Екі жасөспірім мотоциклмен жылқы табынын іздеуге, Созақ ауданының аумағындағы таулы аймаққа бет алғаны анықталды. Олардың кеткеніне біршама уақыт болғаннан кейін, туыстары полициядан көмек сұраған.

Жоғалған кәмелетке толмағандарды іздеуге аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы, құтқарушылар, 30-дан астам еріктілер, қызметтік иттер, сондай-ақ дрондар мен тікұшақ жұмылдырылды.

Іздеу нәтижесінде жоғалған жасөспірімдерді полиция тікұшақтың көмегімен аман-есен тауып, үйлеріне қайтарды. Жасөспірімдер тауда адасып, 30-35 км-дей жүріп кеткен.

"Кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2125953-mal-tugendeuge-shyqqan-turkistan-oblysynda-tauda-zhogalyp-ketken-eki-zhasospirim-tikushaq-komegimen-tabyldy-video/