Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астана күні: қала күніне арналған ерекше құттықтаулар мен жыр шумақтары

Жарияланған күні:

Астана
Астана. Фото: depositphotos.com

Астана – тәуелсіз еліміздің жүрегі. Биыл қала күні қатарынан 26-рет тойланғалы отыр. Олай болса мереке қарсаңында қала күніне арналған тілектер топтамасын қабыл алыңыздар.

  • Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі болған елордамыз – Астана қаласы күн санап көркейе берсін! Қала күні құтты болсын!
  • Сарыарқаның төрінен орын алған асқақ Астана – тәуелсіздігіміздің тірегі болып, ғасырдан-ғасырға жете берсін! Астана күні құтты болсын!
  • Асыл армандар мен биік мақсаттар тоғысқан Астана – жастар қаласы, болашақтың қаласы. Олай болса, елордамыз күннен-күнге көркейіп, ұлы идеялар мен тың шешімдердің, білімді де білікті жастардың ордасына айнала берсін!
  • Елдігіміздің символына айналған елордамыз күннен-күнге асқақтай берсін! Астана күні құтты болсын!
  • Асқақ Астана әлем астаналырының көшінде абыройлы орыннан көріп, халқымыздың мақтанышына айнала берсін!
  • Астанамыз жасампаздық пен жаңашылдықтың ордасына айналып, күннен-күнге қарыштап дами берсін!
  • Бірлік пен берекенің символы болған Астананың жұлдызы жарқырай берсін!
  • Талай жанның ізгі үміті ақталған арман қала – Астананың бүгінгі мерекесі құтты болсын!
  • Ерке Еслдің жағасында бой көтерген жас қала – Астана күн өткен сайын көркейіп, жайнай берсін!
  • Жас қала – Астана тілін, ділін қадір тұтатын, білікті де білімді, отаншыл жастардың Ақ ордасына айналсын!
  • Барлық отандасымызды бейбітшілік пен келісімнің ордасына айналған Астана күнімен құттықтаймыз!
Астана
Астана. Фото: pixabay.com

Астана туралы жыр шумақтары

Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,

Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,

Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,

Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,

Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.

Еркелеген Есілдің ағысындай Астанам,

Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,

Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам...

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!

Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?...

Гүлнар Салықбай

Астана қаласы
Есіл жағасындағы Астана. Көрнекі сурет: pixabay

Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,

Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.

Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,

Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,

Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.

Баянды бақытымның бастауындай,

Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,

Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.

Сұрланып сырт айналған суық көздер

Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,

Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.

Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің

Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,

Қашан да еркіндіктің құны басым.

Керіліп кербез далам көсіледі,

Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,

Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.

Бірлікті байрақ етіп болашаққа,

Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

Қалқаман Сарин

***

Римде – мәңгі қалада,

тамсанып атақ-даңқына.

Ыстамбұлда сан мұнарадан

азанды тыңдап,

Шалқыма күй кешіп жүріп,

санасын сарыуайым буып,

сарқыла, қазақтың қара баласы

қарайлай берер артына.

Нью-Йоркте – әлем үйінде

еркін өмірмен тыныстап,

Токиода, дегдар күйіңде,

сакурадан шоқ гүл уыстап

жүрсе де қазақ баласы,

шырылдап жаны, шарқ ұра,

жоғалтқандай боп анасын,

қарайлай берер артына.

Ертегідегі қаладай,

айырмасы жоқ аспанның,

бәрібір, түкке қарамай

Прагадан мен де қашқанмын.

Еуропаны салып табанға,

(Ақылға сыймас жай тіпті),

ақырған Ұлы бабам да

Астана жұртқа қайтыпты.

Сары далаға, Тәңірі,

байлаған нендей тағы күш?

Апарған – жорық сарыны,

қайтарған – ұлы сағыныш!

Өзге елді шарлап жүрсек те,

таңдай қақсақ та басқаға,

естен шығар ма бір сәтке

аруақты жұрт Астана!

Есілім шалқып, түзден кеп,

төріме күміс төккендей.

Қараөткел бойы біздерге

жыл он екі айы – көктемдей.

Айналдым сенен, Астанам –

бабаларымның көзіндей!

Сәулесі Күнді жасқаған

Алаштың алтын тәжіндей!

Талғат Ешенұлы

Астана
Астана. Фото: pixabay.com

Астана туралы massaget.kz, zharar.com желілік басылымдарында жарық көрген үздік құттықтауларды ұсынамыз:

  • Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі болған Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұрғаны айдан анық. Жас та болса, бас болған ару қаламыздың көркейіп, гүлденуінде әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі бар. Астана дегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, бойымызды тәтті сезім билейді. Гүлдей бер, жайнай бер, елімнің бас қаласы Астана!
  • Жас елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлденіп келеді. Ол жаңаша қарқын алған құрылысымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан гүлзарларымен, аллеяларымен сырттан келушілердің назарына ілініп, шетелдіктерді таңғалдыруда. Сайын Сарыарқаның төсінде тотыдайын таранған әз Астанамыз жылдар келе, алып Азия мен Еуропаның шоқтығы биік қалаларының біріне айналатынына, алдағы ғасыр үлесінен орын алып, батыл үмітпен нық сенімнің тұлғалы тірегі боларына сенімдіміз. Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Астана – болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!
  • Мемлекеттік мереке – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қысқа ғана тарихи кезең ішінде ел ордасы саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығына, серпінді дамып келе жатқан Қазақстанның символына, көпұлтты және көпконфессиялы еліміздің достығы мен бірлігінің кепіліне айналды. Бүгінгі мереке күні сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, таусылмас табыс, бейбіт өмір және әр отбасына амандық тілеймін!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2126400-astana-kuni-qala-kunine-arnalgan-erekshe-quttyqtaular-men-zhyr-shumaqtary/