Атыраудағы Жеңіс саябағында ескерткіш құлап, көз жұмған қыздың әкесі оқиға қалай болғанын айтып берді
Жарияланған күні:
Атырау тұрғыны Айдос Сабыров саябақта қызы қайтыс болған күнді еске алып, оқиға қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ол оқиға 25 маусымда сағат 21:30 шамасында болғанын айтты.
"Мен, ұлым Хамза және қызым Айару Жеңіс саябағында серуендеп жүрдік. Қызым екеуміз велосипедті жалға алдық, ал ұлымыз өзінің кішкентай велосипедін теуіп жүрді. Саябақтың ішкі жағына кірдік. Осы кезде кенеттен аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр жауды. Алдымен біз ағаштың астына жасырындық. Содан кейін қызым тоңа бастады, мен жейдемді шешіп, үстін жаптым. Бірақ біз малмандай су болдық, қызым суықтан дірілдей бастады, содан кейін мен оны көтеріп алдым. Ұлымнан соңымнан еруін сұрадым, біз саябақтың есігіне қарай бет алдық", - деп әңгімеледі ол.
Оның сөзінше, шығатын есікке шамамен 50 метр қалғанда қатты жел көтеріліп, ауыр заттар ұша бастаған.
"Біз ескерткіштердің бірінің артына тығылуды шештік. Желдің қатты болғаны соншалық, биік ағаштар иіліп, ұшып кетердей болды. Арқамнан қатты бірнәрсе соқты. Көзім қарауытып, мен өліп бара жатырмын деп ойладым, дұға оқи бастадым. Сол кезде "әке" деп айқайлаған қызымның дауысын естідім. Содан кейін мен өзіме келдім, білмеймін, Алла маған күш берді. Ол мені оятып, көзін жұмды. Айналама қарағанда, үшеуіміздің үлкен ескерткіштің астында жатқанымызды түсіндім. Ұлымның басы мен қолы ескерткіштің астында қалып қойды.
Ал қызымның денесінің бір бөлігі ескерткіштің астында болды. Менің денемнің 85 пайызын ескерткіш басып қалды. Осы кезде бізді бір жігіт байқап, алып тастамақ болды, бірақ салмағы 1 тонна болатын ескерткішті орнынан жылжыта алмады. Содан кейін ол жүгіріп барып, тағы екеуін көмекке шақырды. Үшеуі тек ұлымның қолын босата алды. Олар тағы да көмекке барды, біз бұл күйде тағы 7-8 минут жатып қалдық. Қызыма көмектесе алмайтынымды түсініп, жүрегім езілді. Мен мұны ешқашан ұмыта алмаймын. Қызымның соңғы азапты сәттері көз алдымнан кетпейді", - дейді қыздың әкесі.
Осы кезде олардың жанына тағы бірнеше ер адам келген, осы кезде ескерткіш теңселе бастаған.
"Мен де оны өзімнен алыстатуға тырыстым. Балалардың жағдайы өте ауыр болды, екі жігіт оларды көтеріп, облыстық балалар ауруханасына апарды. Бас жарақатының салдарынан ұлым тілін, бетін тістеп алды, бір қолында екі жерден сынық болды. Менде кеуде омыртқасы мен бір қабырға сынған. Бір қолымды қозғалта алмаймын, екі тіземде де гематома, жүре алмаймын, дем ала алмаймын. Дәрігерлердің айтуынша, қызым бірнеше жарақат алған, жамбас сүйектері сынған, ішкі органдардың жарылған және ішкі қан кету өлімге әкелген", - деді балалардың әкесі Айдос Сабыров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2126886-atyraudagy-zhengis-saiabagynda-eskertkish-qulap-koz-zhumgan-qyzdyng-akesi-oqiga-qalai-bolganyn-aityp-berdi/