Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сотқа беремін деуге дейін жетті": Дулат Исабеков Нұрсұлтан Назарбаевпен жанжалдасқан кезін еске алды

Жарияланған күні:

Дулат Исабеков
Дулат Исабеков. Фото: YouTube/Nartai Aralbaiuly

Отандық жазушы, драматург Дулат Исабеков бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен дауласқан кезін еске алды. Қазақстанның Еңбек ері Kultobe Podcast жобасына берген сұқбатында бір кездері Назарбаевтың азаматтығына риза болғанын да жасырған жоқ.

Драматург әңгіме барысында тұңғыш президенттің әдебиетке деген сүйіспеншілігін атап өтті. Жазушының айтуынша, ол біраз уақыт Назарбаевпен дүрдараз болып жүрген, артынша экс-президенттің өзі қолдау көрсетіп, екеуі қайта татуласқан.

"Шындықты айтып келдік. Назарбаевтың кезінде көп айтылды, орыс тілінде үлкен мақала жаздым. Екеуміз кабинетінде талай салғыластық, ол сені сотқа беремін деуге дейін жетті. Солай арамызда үлкен дау болған. Бірақ кейіннен татуластық.

Содан 2014 жылы дүрдараз болып жүрген кезімізде Лондонда пьесам қойылатын болды. Ол Лондондағы тұңғыш қазақ пьесасы еді. Соған өзі шақырып алып, "Сені шақырған себебім – қазақ пьесасын Лондон қойып жатыр екен, мен соған қуанамын" деп, "Назарбаев" деп жазылған швейцариялық сағатын сыйлап, шығарып салған еді", - деді ол.

Осы ретте жазушы тұңғыш президенттің азаматтығына риза болдым дейді. Ол мемлекет басшысының жазушыларға деген құрметі ерекше болды деп есептейді.

"Азаматтығына әлі ризамын. Нұрекеңнің бір жақсы жері – әдебиетті жақсы білетін, көп шығармаларды оқитын. Көп жазушылар жайлы өз пікірі болатын. Бізді қабылдаған кезінде де жалпылама сөз емес, процеске кіріп сөйлесетін. Қазір жазушылар тоқырап қалды. Биліктің жазушылармен, жазушылардың билікпен шаруасы жоқ", - деді Дулат Исабеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2127180-sotqa-beremin-deuge-deiin-zhetti-dulat-isabekov-nursultan-nazarbaevpen-zhanzhaldasqan-kezin-eske-aldy/