Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысының Жаңатас қаласында көшелерді су басты (фото, видео)

Жарияланған күні:

Ербол Қарашөкевв Жаңатас қаласында
Ербол Қарашөкевв Жаңатас қаласында. Фото: gov.kz

Жамбыл облысының Жаңатас қаласында көшелерді су басты. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданына барып, су алған аулалардың ахуалымен танысты, деп жазады өңір әкімдігінің ресми сайты.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, жексенбі, 7 шілде күні Сарысу ауданы Жаңатас қаласында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы мен 47 үйдің ішін су алған.

Қазір шығынды есептеу, қосымша нақтылау шаралары жалғасып жатыр.

Жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдайлар департаментінен жұмылдырылған 50-ден астам адам тұрғындарға көмектесіп, су айдау жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек 17 техника тартылып, 11 мотопомпа қолданылды. Қажетті техникалар санын арттыру үшін жедел шаралар қолға алынып жатыр.

Жаңатас қаласы
Жаңатас қаласы. Фото: gov.kz

Қазір арнайы техникалардың көмегімен суды тоқтату, бағытын бұру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Зардап шеккен тұрғындар үшін қабылдау пунктері дайындыққа келтірілді. Азаматтарды тасымалдауға арнайы көліктер қарастырылған.

Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысында жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

"Арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдаулар көрсетіледі. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз", - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, қазір аудандағы ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам мен мал шығыны жоқ. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130480-zhambyl-oblysynyng-zhangatas-qalasynda-koshelerdi-su-basty-foto-video/