Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауру-сырқауды білмейміз": атыраулық 80-дегі әжелер хореографияны меңгеріп жүр

Жарияланған күні:

Атыраулық әжелер
Атыраулық әжелер. Фото: Әйгерім Сайқы/ KAZ.NUR.KZ

Атыраулық кәріс әжелері – "Тхоньил" корей қоғамының белсенді мүшелері. Олар хорда ән айтады және хореография секциясына қатысады. Араларындағы ең жас әже 67 жаста болса, үлкені 83-тен асқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

15-ке жуық әже аптасына 2 рет хореография секциясына келеді. Кәсіби хореографпен бірге сергіту жаттығуын жасап, кейін жаңа бидің қимылдарын пысықтайды. Қазіргі кезде қатысушылар корей халқының биін үйреніп жатыр. Жақында қариялардың сахнадағы алғашқы дебюті де өткен.

"Кәріс қоғамы 14 жыл бұрын Атырауда ашылды. Сол кезден бері осы орталықтың белсенді мүшесімін. Зейнетке шыққандар үшін бұл жер уақытты тиімді әрі қызықты өткізетін орын. Бір отбасы сияқтымыз, бір-бірімізді сағынысып көрісеміз.

"Соронг" тобында хормен ән айтамыз, бимен айналысамыз, ал таңда йогаға келеміз. Бәрі де тегін. Сахнаға шығамыз, жақында алғаш рет би биледік"- дейді орталықтың ардагерлер кеңесінің төрағасы Светлана Хан.

Атыраулық әжелер
Атыраулық әжелер. Фото: Әйгерім Сайқы/ KAZ.NUR.KZ

Би мен хордан бөлек ардагерлерге йога, тіл курстары, қолөнер үйірмелері ұйымдастырылып тұрады. Бір кездері әжейлер каратэмен де айналысқан. Ең бастысы, бұл жерге көңілімізді аулауға келеміз дейді олар. 74 жастағы Галина Цойдың айтуынша, бимен айналысқалы өзін сергек, жеңіл сезінеді. Сондықтан бірде бір жаттығуды қалдырмауға тырысады.

"Осында келіп басқалармен әңгіме-дүкен құрамыз, би билеп бой жазамыз. Одан қалса көп жаяу жүретініміз бар. Үнемі қозғалыста болған соң ауру-сырқау дегенді білмейміз. Сахнада түрлі шараларда ән айтып, би билейміз. Біз үшін ол рухани демалыс. Осы өмір салтымнан ләззат аламын" - дейді Галина Цой.

Атыраулық әжелер
Атыраулық әжелер. Фото: Әйгерім Сайқы/ KAZ.NUR.KZ

Сахна көйлектері мен қолдарына алып шығатын сәндік бұйымдарын қатысушыларға "Тхоньил" бірлестігі ұйымдастырады. 50-ден асқандарға арналған клубқа кез келген зейнет жасындағы адамның қосылуына болады. Хорда олар 4 тілде ән орындаймыз дейді.

"Хорда біз көбіне қазақ тіліндегі хит әндерді орындаймыз. Клуб қарттары үшін қазақ тілі курсы да ұйымдастырылды. Бізге кез келген ұлт өкілі қосыла алады. Өз-өзіме көңіл бөлгім келеді, уақытымды қызықты өткізгім келеді дейтіндер болса, біздің қатарымызға қосылуына болады. Бұл жерде бір-бірімізге бауыр болып кеттік. Қуанышта да, қайғыда да біргеміз, отбасылық шараларымызда да бір-бірімізді қалдырмаймыз",- дейді клуб жетекшісі Светлана Хан.

Әйгерім Сайқы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130594-auru-syrqaudy-bilmeimiz-atyraulyq-80-degi-azheler-horeografiiany-menggerip-zhur/