Қазақстандағы ақылы жолдардың құны тағы 20 пайызға өсуі мүмкін
Жарияланған күні:
Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев министрлер кабинетінің отырысында жолдардың қай учаскелері ақылы болатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Марат Қарабаев жолдарды тиісті деңгейде ұстау күрделі мәселе екенін айтты.
"Республикалық маңызы бар 25 мың км жолды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары әрі қарай жалғасады", - деді ол.
Оның дерегінше, бүгінгі күні ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 мың км болып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды.
"Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді министр.
Олар:
- Қызылорда – Арал;
- Ақтөбе – Орынбор;
- Қостанай – Троицк;
- Қостанай – Денисовка;
- Ақтау – Бейнеу;
- Қандыағаш – Мақат;
- Балқаш – Бурылбайтал;
- Бурылбайтал – Шу;
- Үшарал – Достық;
- Қарағанды қаласының айналма жолы;
- Тараз қаласының айналма жолы.
"Қазақстандағы ақылы автомобиль жолдарының тарифтері басқа елдермен (Ресей, Беларусь, Түркия, Қытай, Польша және т.б.) салыстырғанда айтарлықтай төмен. Осыған байланысты қазіргі тарифті 20 пайызға көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл ретте жергілікті жүргізушілер үшін тиісті жеңілдіктер қарастырылады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік көліктерге түседі", - деді Қарабаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130900-qazaqstandagy-aqyly-zholdardyng-quny-tagy-20-paiyzga-osui-mumkin/