Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Желіде Қандыағаш қаласының жаңадан сайланған әкіміне қатысты видео тарады

Жарияланған күні:

Шенеунік
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында Қандыағаш қаласы әкімінің сайлауы өтті. Тағайындау болғанға дейін сайлауға түскен үміткерлердің бірі дастархан жасап, қонақ күткен сәтінде түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Видеодан аудандық мәслихаттың депутатын да көруге болады. Мән-жайды жаңадан әкім болып сайланған Қазбек Аққайырдың өзі түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында Қандыағаш қаласы әкімінің сайлауы өтті. Тағайындау болғанға дейін сайлауға түскен үміткерлердің бірі Қазбек Аққайырдың дастархан жасап, қонақ күткен сәті әлеуметтік желіге тарап кетті. "Коронация крестного отца" деп аталған видеода дастархан басында аудандық мәслихаттың депутатын да көруге болады.

Видеоға пікір жазған желі қолданушылары сайлаудың нәтижесі алдын ала шешілген деп топшылайды.

"Халықтың дауысы саналмаса, неге дауыс бергізген? Тойлап жатыр, демек баяғыда шешілген зат қой", " Мынау не, шара колданыңыздар, фальсификация болса тексеріңіздер" деп пікір қалдырған видеоға желі қолданушылары.

Желіде таралып кеткен видеоға қатысты Қазбек Аққайырдың өзі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.

"Менде 22 сенімді өкіл болды. Кеше қонақ болып 18 адам келді. Сайлаудан өтейін, өтпейін күні-түні қасымда жүрген соң рақметім болсын деп сенімді өкіл болған адамдарды ағамның үйінде қонақ қылдым. Дастархан жайылды. Әркім тілегін айтты. Әлеуметтік желіге Дастан деген інім видео салған. Әзілдеп салған. Бүгін аудан әкімі аппараты тағайындауға шақырды. Аудандық мәслихат депутаты Ілияш Еркінқызымен бұрыннан араласамыз. Өткен аптада қарындасымның тойына келе алмай қалған еді. Кеше құтты болсын айтуға келді. Бірге дастарханға отыруға ұсыныс жасадық", - дейді Қандыағаш қаласының су жаңа әкімі Қазбек Аққайыр.

Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қандыағаш қаласының әкімін сайлау кезінде төрт кандидат ұсынылды. Біреуі Amanat партиясынан, үшеуі өзін-өзі ұсынған. Олардың үшеуі мемлекеттік қызметші, біреуі коммерциялық ұйымның қызметкері. Біреуі сайлау болмай тұрып өз ойынан бас тартқан.

Қандыағаш қаласындағы 21 987 сайлаушының 7,48 пайызы ғана дауыс берген. 1645 адам ғана сайлау учаскесіне барып, бүтін бір қаланың әкімін таңдаған.

Сайлау қорытындысы бойынша, 1645 дауыстың 787-ін Amanat партиясы ұсынған Қазбек Аққайыр жинап, әкім қызметіне тағайындалды.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімдерін сайлау 7 шілдеде бес ауданда өтті. Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Шалқар аудандарында бір қаланың және бес ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы болды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2131149-zhelide-qandyagash-qalasynyng-zhangadan-sailangan-akimine-qatysty-video-tarady/