Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Су жоқтығына наразы болған ақтаулықтар тағы да жолды жауып тастады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Жолды жапқан ақтаулықтар
Су жоқтығына наразы болған ақтаулықтар жолды жапқан. Видеодан кадр: lada.kz

Ақтаудағы шағын аудандардың бірінде судың жоқтығына наразы болған азаматтар тағы да жолды жауып тастады. Әкімдік өкілдері құзырлы мекеме мамандарын халыққа жіберіп, жақында мәселе толық шешілетінін айтқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған видео авторының айтуынша, 19-шы ықшамаудандағы №43 ғимараттың тұрғындары үш күннен бері ауыз сусыз отыр. Бұған ашуланған халық биліктің назарын аудару үшін жолды жабуға мәжбүр болған.

Көлік кептелісі болып, халық жиналған жерге полицейлер барған.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі журналистерге үй тұрғындарына құзырлы мекеме өкілдерін жіберетіндерін айтты. Әкімшіліктегілер кейін толығырақ ақпарат беруге уәде етті.

Басылым мәліметінше, бұл ықшамаудан тұрғындарының жолды жабуы бірінші рет емес. Биыл маусым айында да тұрғындар су тапшылығына байланысты жолды жауып тастаған. Құзырлы органдар халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ал, Ақтау әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазда қалада су тапшылығын азайту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылған.

"МАЭК" ЖШС аумағында тәулігіне 6 мың текшеметр су тұшытатын қондырғы іске қосылды.

Ақтау қаласында жазғы уақыттағы су тапшылығын азайту мақсатында жоспарланған жұмыстар қарқынды жүруде. Алдағы тамыз айына дейін қос жобаны аяқтау көзделіп отыр", - деді хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Әкімдік мәліметінше, "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текшеметрден 40 000 текшеметрге дейін ұлғайту жобасы бітуге жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95 пайыз аяқталды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді.

Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәлімдеуінше, тамыз айында облыс тұрғындарына ауызсу беріле бастайды.

"Шілде соңына дейін монтаж жұмыстарын толық аяқтап, ал тамызда іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда, облыс тұрғындарын келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз", - деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.

Сондай-ақ бүгін "МАЭК" ЖШС ОСЖТ-2 (екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текшеметр су тұшытатын қондырғылары іске қосылды.

Аталған қондырғыларды сатып алу үшін 2023 жылы "ЖанСу 362" ЖШС-мен шарт жасауға облыс бюджетінен қаржы бөлінген еді.

"Тұщыландыруға арналған бастапқы су - Құйылыс-Меловое кен орнынан шығатын жерасты суы. Қазір монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Жақын күндері қала тұрғындарына тәулігіне 6000 текшеметр көлемінде ауызсу қосымша беріледі",- деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2131419-su-zhoqtygyna-narazy-bolgan-aqtaulyqtar-tagy-da-zholdy-zhauyp-tastady/