Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әнші көп, бірақ қазақ атын шығарар суретші қыз жоқ": әйгілі Гулфайрус Ысмайылованың туындылары мен өмірі

Жарияланған күні:

Гүлфайрус Ысмайылова
Гүлфайрус Ысмайылова. Фото: "Ғылым ордасы" РМК/facebook.com

Гулфайрус Ысмайылова – қазақ мәдениетінің және өнерінің айрықша өкілі. Оның есімі Қазақстанның сурет өнерінде, әсіресе кескіндеме және театр декорациялары саласында, айрықша орын алады. Өмір бойы ол қазақ халқының мәдениеті мен тарихын бейнелеу үшін тынымсыз еңбек етті. Бұл мақалада Гулфайруз Ысмайылованың өмір жолы, шығармашылығы және оның қазақ өнеріне қосқан үлесі туралы баяндаймыз.

Гулфайрус Ысмайылова 1923 жылы 15 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол бала кезінен өнерге әуес болды. Оның қабілеттері ата-анасының және мұғалімдерінің назарын аударды.

Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, Абрам Черкасскийдің шеберханасында оқыды. Илья Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. Кескіндеме факультетінің театр-декорация бөлімінде Михаил Бобышовтан тәлім алды. Оның ұстаздары арасында кеңес заманындағы атақты суретшілер болды, олар оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен үлес қосты.

Гүлфайрус Ысмайылованың автопортреті
Гүлфайрус Ысмайылованың автопортреті. Фото: zhasalash.kz

"Ғылым ордасы" МРК мамандарының айтуынша, оның шын есімі – Қоңарбаева Күлпәш Тансықбайқызы. Әкесінен ерте айырылған Гүлфайрусты кішкентай кезінен Мәнсүр Ысмайылов асырап алған. Ол отбасындағы бес қыздың үлкені.

Ғалым Лейла Кенжебаеваның еңбегіне сүйенсек, оның әкесі белгілі қоғам қайраткері Таңсықбай Қоңырбаев 1930 жылдары репрессия құрбаны болып ату 319 жазасына ұшыраған. Күлпаштың анасы отбасын аман алып қалу үшін екінші рет дүнген азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Мансур Ысмайловқа тұрмысқа шығып, қызына Гүлфайрус Ысмайлова деген есім беріледі. Гүлфайрус бес баланың ең үлкені болды.

"Оның екінші әкесі Мансур Ысмайлов Әбілхан Қастеевтің жақын досы еді. Қастеев Ғүлфайрустың үйінде жиі қонақ болып қайтатын. Суретші Гүлфайрустың бейнелеу өнеріне қабілетін байқап оған көркем-сурет училищесіне түсуге кеңес береді. "Әнші көп, бірақ қазақ атын шығарар қыз суретші жоқ" деп батасын берген екен. Алайда Гүлфайруcтың әншілік өнеріне де жақындығы болды. Оның анасынан дарыған тамаша даусы ән салғанда ерекше құлпырып кететін. Сондықтан Гүлфайрус суретшілік өнерімен бірге әншілік өнерді де меңгерді", - делінген ғалымның еңбегінде.

Гүлфайрус Ысмайылова "Қыз Жібек" фильмінде
Гүлфайрус Ысмайылова "Қыз Жібек" фильмінде. Фото: Фильм кадры

Алматыда тұрып, жұмыс істеді. Ол өнер мектебінде сабақ берді. Театр өнері, станоктық кескіндеме, кино саласында жұмыс істеді. Ол өмірінде 7 толықметраж көркем фильмде ойнаған.

Мысалы 1950 жылы "Аласталған Алитет" Тыгренаны сомдаған. Ал 1957 жылы түсірілген "Ботагөз" фильмінде басты рөлде ойнады. Ал өзі бас суретші болған "Қыз Жібек" фильмінде Жібектің анасы Айгөздің образын шеберлікпен алып шыққан.

Гулфайрус Ысмайылованың шығармашылығы әртүрлі жанр мен стильді қамтиды. Ол өз туындыларында ұлттық дәстүрлерді, қазақ мәдениеті мен тарихының элементтерін пайдаланды. Оның жұмыстарында фольклорлық мотивтер мен ұлттық киімдер жиі кездеседі. Суретші тарихи тұлғалардың портреттерін, пейзаждар мен тұрмыстық көріністерді бейнеледі.

Гүлфайрус Ысмайылованың "Қазақ вальсі" портреті
Гүлфайрус Ысмайылованың "Қазақ вальсі" портреті. Фото: zhasalash.kz

Гүлфайрус Ысмайылованың шығармашылық мұрасында 100-ге жуық портреттік және кескіндемелік туынды бар. Оның картиналарына қазақ көркем мәдениетінің дәстүрлеріне сәйкес келетін ерекше декоративтілік тән. Портреттік триптихтің "Қазақ вальсі" атты ең танымал туындыларының бірін суретші 29 жасында салған.

"Қазақ вальсі" – Ысмайылованың майлы бояумен жазған алғашқы портеттік туындысы. Бұл композиция Қазақстанның ұлы әйелдеріне: Шара Жиенқұловаға, опера әншісі Күләш Байсейітоваға, актриса Шолпан Жандарбековаға арналған. Қазақтың биші қызы Шара Жиенқұлова портретте сахналық образда мың бұралып билеп тұрған сәтінде бейнеленген.

"Бишінің қимылы, үстіндегі қос етекті қызғылт түсті көйлегінің етектерінің би ырғағымен айналған толқындары, әдемі бұрымдары оның тұлғасын ерекше құлпырта түскендей. Артқы аядағы сарғыш бояумен көрсетілген жарық кейіпкердің бейнесін даралап көрсетіп тұрғандай әсер тудыдады. Мұнда жылы түсті бояулар басым қолданылған", - деп сипаттайды композицияны Лейла Кенжебаева.

Гүлфайрус Ысмайылованың "Отбасы портреті"
Гүлфайрус Ысмайылованың "Отбасы портреті". Фото: zhasalash.kz

Суретшінің 1978 жылы салған шығармасы "Отбасы портреті" деп аталады. Бұл портрет шығармашылық отбасыны суреттейді. Гүлфайрус өзінің өміріндегі ең жақын адамдарын – жұбайы графика өнерінің шебері, танымал суретші Евгений Сидоркинді, өзін және жалғыз ұлы Вадимді мүсін жасап отырған сәтінде бейнелеген. Кейіпкерлердің айналасы олардың салынып жатқан болашақ туындыларымен толықтырылған. Қылқалам иесі өз бейнесін композицияның орталық бөлігінде орналастырған. Оның жүзі батыл, өзіне сенімді және отбасы үшін өмірдің бар сынағына төтеп бере алатын әсерге толы.

Гулфайрус Ысмайылова тек кескіндеме өнерімен ғана шектелмей, театр декорациялары саласында да еңбек етті. Ол көптеген спектакльдердің сахналарын безендірді, олардың ішінде қазақ халық ертегілері мен эпостарының сюжеттері бойынша қойылымдар бар. Оның театрлық декорациялары қазақ мәдениетінің бай мұрасын көрсетуге және ұлттық театр өнерін дамытуға үлкен үлес қосты.

Ысмайылованың шығармашылығы мен өмірі қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өзінің туындылары арқылы қазақ халқының тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін насихаттады. Оның еңбектері ұлттық өнердің дамуына және жас суретшілерді тәрбиелеуге ықпал етті.

Гүлфайрус Ысмайылова 2013 жылдың 12 мамырында дүниеден озды.

Гулфайрус Ысмайылова — қазақ өнерінің мақтанышы, оның шығармашылығы мен еңбегі ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол өзінің ерекше туындылары арқылы қазақ халқының рухани байлығын, тарихи мұрасын және ұлттық ерекшеліктерін әлемге танытты. Оның есімі мен еңбегі мәңгілікке сақталып, келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132016-anshi-kop-biraq-qazaq-atyn-shygarar-suretshi-qyz-zhoq-aigili-gulfairus-ysmaiylovanyng-tuyndylary-men-omiri/