Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда мектеп түлектерін шетелге оқуға түсіруге уәде берген оқу орталығына қатысты дау шықты

Жарияланған күні:

Абитуриенттер. Фото
Абитуриенттер. Фото: КТК арнасы

Алматыда жеке білім беру орталығының төңірегінде жанжал шықты. Мектеп түлектерінің ата-аналары орталықты алаяқтық бойынша айыптап отыр. Полицейлер іс қозғады, деп хабарлайды КТК телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары балалары алдымен үйде дайындық курстарынан өтіп, кейін шетелге оқуға түсуі үшін орталыққа миллиондаған ақша төлеген. Ақырында ешкім ешқайда барған жоқ. Оның үстіне, клиенттердің айтуынша, орталықта сабақ өтілмеген де.

Ата-аналардың бірі ұлы Әнуарды Австрияға оқуға жібермек болғанын айтты. Олар бірлесе отырып курс тапқан. Ұйымдастырушылар Еуропа мен Америка университеттеріне оқуға түсуге көмектесеміз деп уәде берген. Әнуар тек неміс тілі курстарына қатысып үлгерген, кейін орталықта оқытушы тұрақтамай кеткен.

"Көптеген мұғалім жұмыстан кете бастады. Ұйымдастыру жағы ақсап тұрғандықтан, көп сабақ өтпей қалды, соның кесірінен оқуымды "қатырып" қоюға тура келді. Себебі қажет ұстаздар болған жоқ. Бұл жердегі ең басты мәселе – қызметкерлердің жиі ауысуы еді, яғни, мұғалімдер жетіспеді, уақыт жетпеді" , - деді абитуриент.

Сабақтар кейінге қалдырыла бастағанда ата-аналар дабыл қаққан. Олар әкімшіліктен бұл жайтты түсіндіруді талап еткен. Директор жазда сабақ қайта басталады деп сендірген. Алайда олай болмай шықты. Ата-аналардың сөзінше, орталық әлі де талапкерлерді жинап, шетелдің үздік университеттеріне түсуге көмектесеміз деп уәде беріп жүр.

"Келісімшартта жазылды. Баламыз Америкаға стипендиямен грантқа түсуі керек болатын. "Егер балаңыз бір күн сабақтан қалмаса, 100 пайыз осы шарт орындалады" деген. Екі ай бойы бір күн де қалмай сабақ оқыдық. Сәуір айынан бастап сабақ тоқтатылды. Кураторлар да,  ешкім телефон тұтқасын көтермейді", - дейді жас түлектің анасы.

Ата-аналардың басым бөлігі "әлеуметтік желідегі жарнамасына сеніп қалдық" деп отыр.

"Оған дейін білмейтін едік. Бізге сату бөлімінің жас қыздары келді. Бізді сендіріп, мемлекеттік мектебімізге келіп жарнама жасады. Сосын сендік қой. Өзіміздің қазақтың адамы, шетелден келген жоқ, Америкадан келген жоқ, "Қазақстанда осындай мектеп бар" дегенге қуанып, Назарбаев мектебіне түсеміз деп ойладық қой. Сосын бөліп төледік. Бізде 2 миллион қайдан? Бөліп төлеп жатырмыз, ал оқып жатқан бала жоқ", - дейді олар.

"Zeyn Qoi компаниясына алдандық" деген жұрт бүгін Астанада да наразылық білдірді. Жалпы ел бойынша полицейлерге шағым түсіргендер саны 100-ге жеткен. Қазір Алматыдағы тәртіп сақшылар тергеу жүргізіп жатыр. 

"Аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша Бостандық ауданы ПБ қылмыстық іс тіркеліп, тергеуге алынды.Сот экономика сараптамасы тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, Қазақстан аумағында 100-ге жуық жәбірленуші бар екен. Барлығы ресми түрде шағымданды. Қазір жағдайды анықтау мақсатында жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Алматы полиция департаментінің өкілдері.

Орталық директоры осы жайтқа қатысты пікір білдріп, мән-жайды түсіндірді.

"Сәуір айында касса алшақтығы болды. Бұрынғы құрылтайшыларына қатысты 120 миллион теңгені жымқыру бойынша қылмыстық іс 14 сәуірде Бостандық ауданының полиция басқармасында тіркелді. Бірақ бұл мәселе бойынша әлі нәтиже шықпады. Сондай-ақ жала жабу мен іскерлік беделдің бұзылуына байланысты қазан айында 97 миллион теңгеге келісімшарттар бұзылды", - деді орталық директоры Дәулет Түймебай.

Жағдайымыз мүшкіл деп жыларман болған компания өкілдері "оқуды қайтсе де жалғастырамыз" деп сендірді. Бірақ бұл жерде емес.Осыған ұқсас өзге орталықтарда жалғастырмақ. Алайда осыған дейін талай мәрте сөз берген директорға көпшілік сенбейді. Жұрт ақшасын қайтарып беруін талап етіп отыр.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132154-almatyda-mektep-tulekterin-shetelge-oquga-tusiruge-uade-bergen-oqu-ortalygyna-qatysty-dau-shyqty/