Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда жеке клиникада липосакция жасатқан әйел көз жұмды (видео)

Жарияланған күні:

Аурухана ішінде түсірілген иллюстрациялық сурет
Аурухана іші. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда 47 жастағы әйел липосакциядан кейін көз жұмды. Марқұм қаладағы мақтаулы пластикалық хирург қызметіне жүгінген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, Алматы тұрғыны беліндегі майды алдыртқаннан кейін жағдайы нашарлаған.

Оның жақындары науқасқа отадан кейін дұрыс күтім жасалмаған деп күдіктенеді әрі кінәлілер жазасыз қалмаса екен деп отыр.

Марқұмның артында үш баласы қалған. Марқұм жылдар бойы артық салмақтың зардабын тартып келген. 101 келі салмақтан әйелдің аяғына күш түсіп, ауыра бастапты. Сөйтіп липосакция жасату туралы шешім қабылдайды. Ол дәрігерді ұзақ таңдап, ең мақтаулы пластикалық хирургке барған.

"Каникулда "Артық майымды алып тастаймын, сосын кішкене сабаққа жеңілдеп барам, салмағым түседі" деген соң интернеттен екеуміз қарағанбыз. Данияр деген дәрігерге жазылған пікірлерді оқып, зерттеп, бардық. "Минус 5,6 келі тастайды. Анау жиналғаннан кейін организм өзі тастай береді" деп айтты", - дейді марқұмның сіңілісі.

Уәде етілген нәтижеге қызыққан әйел бірден отаға дайындала бастаған. Бастан-аяқ медициналық тексерістен өткен. Әрі денсаулығында еш кінәрат жоқ екені анықталған. Клиникамен келісімшартқа отырып, отаға 2 миллион теңге төлеген. Ол қаржыны бауырынан қарызға алыпты.

Марқұмның ішіндегі майды алу отасы бір жарым сағатқа созылған. Әйел липосакциядан кейін жақындарына өз-өзіне келе алмай жатқанын айтып, хабарлама жіберіпті. Түнге қарай дәрігерлер қаралы хабарды жеткізген. "Хирургтер отаның қаупі туралы еш ескертпеді" дейді қара жамылғандар.

"Бұл жерде адамның миын улау болып тұр ғой. "Осындай жағдай болады, өліп қалуыңыз мүмкін немесе өліп кетуі мүмкін, 90 пайыздың екі пайызы сондай болуы мүмкін" деп неге айтпайды?! "Сіз операциядан тұрғаннан кейін сағат 2-де жолдасыңыз алып кетеді" деп айтқан", - дейді марқұмның сіңілісі.

Мәйітке жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысына сәйкес,  47 жастағы әйел жүрек талмасынан көз жұмған. Десе де жақындары бұған сенбейді. Олар отадан кейін науқасқа күтім дұрыс жасалмаған деп күдіктенеді. Ал ота жасаған дәрігер марқұмға ота сәтті жасалғанын айтады.

"Ота ойдағыдай өтті. Кейін науқас интенсивті терапия бөліміне, сосын стационарға ауыстырылды. Ол палатада өзін жақсы сезінді. Ал түстен кейін жағдайы нашарлай бастады. Біз протоколға сәйкес әрекет еттік. Бірақ науқасты аман алып қала алмадық. Отаны мен жасадым, моральді тұрғыда жауаптымын. Қазір маған да қиын болып тұр. Өкінішке қарай, медицинада күтпеген жағдайлар болады. Не болғанын өзім де түсіне алмай жүрмін", - деді пластикалық хирург Данияр Урмурзин.

Сараптаманың нақты қорытындысы бір айдан соң шығады. Марқұмның жақындары "Дәрігерлер жауапкершіліктен сытылып кете ме?" деп қорқып отыр. Сондықтан олар істің әділ өтуін сұрайды.

Марқұм бастауыш сынып мұғалімі болған. Ұлағатты ұстаздың артында үш баласы қалған. Қазір қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Липосакцияны жасаған пластикалық хирургтың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132331-almatyda-zheke-klinikada-liposaktsiia-zhasatqan-aiel-koz-zhumdy-video/