Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет": Бектенов Алматының индустриялық аймағындағы кәсіпорындарды аралады

Жарияланған күні:

Олжас Бектенов  Алматының индустриялық аймағындағы кәсіпорындарға барды
Олжас Бектенов Алматының индустриялық аймағындағы кәсіпорындарға барды. Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары аясында индустриялық аймақ аумағындағы бірқатар кәсіпорынға барып, ол жердегі инвестиция тарту және өндірісті локализациялау қарқынымен танысты. Мұнда жасалған жағдай бизнестің жұмысын жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметке сілтеме жасап.

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары аясында индустриялық аймақ аумағындағы бірқатар кәсіпорынға барып, ол жердегі инвестиция тарту және өндірісті локализациялау қарқынымен танысты. Мұнда жасалған жағдай бизнестің жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Үкімет басшысы "Ирригатор Қазақстан" зауытында өнімділікті көбейтіп, су үнемдеуді арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суаруға арналған, Израиль технологиясы бойынша жасалатын түтікшелер өндіру процесін қарап шықты. Биыл қаңтар айында іске қосылған кәсіпорын жылына бау-бақша, жидек, көкөніс және дәнді дақылдарды суаруға арналған 270 млн метр өнім шығаруға қабілетті. Компания директоры Мұрат Ақшалов жобаға израильдік METZERPLAS компаниясынан 770 млн теңгеден астам шетелдік инвестиция тартылғанын, бұл жобаның жалпы сомасының үштен бірін құрайтынын айтты.

Олжас Бектенов жобаның су үнемдеуге бағытталғанын ескере отырып, оның маңызын атап өтіп, мемлекеттік органдарға кәсіпорынды толық қуатына шығару мәселесін пысықтауды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен өнімді сату жөнінде өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуді тапсырды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда тамшылатып суару нарығы 70 мың га құрайды.

Олжас Бектенов Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнына барған кезде локализациялауды тереңдету және өндірістің неғұрлым күрделі технологиялық процесіне көшу жоспарымен танысты. Премьер-министрге зауыт алаңын 40 мың шаршы метрге, жұмыс орындарының санын 1700-ге дейін ұлғайта отырып, кәсіпорынды кеңейту және жаңғырту жұмысы жөнінде баяндалды. Құны 16,4 млрд теңге болатын зауытты кеңейту жобасы толығымен инвестор есебінен іске асырылған. Сонымен қатар кәсіпорын шағын торапты өндіріс қуатын ұлғайту және жаңа модельдерді дәнекерлеу, бояу үшін өндірістің толық цикліне көшу мақсатында дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехтарын жаңғыртуға инвестиция салады.

Сондай-ақ Astana Motors компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов жұмыс істеп тұрған Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан басқа жылына 90 мың жеңіл автомобиль шығара алатын мультибренд зауыты (2025 жылы іске қосу жоспарланған), автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер шығаратын үш зауыт және логистикалық хаб кіретін өндірістік кластерді дамыту жоспарлары туралы хабарлады. Жұмыс орнының жалпы саны 6 мың адамнан асады.

Премьер-министр үкімет отандық автоөнеркәсіпті қолдау шараларын одан әрі жалғастыратынын баса айтты. Өз кезегінде бизнес ұдайы дамып, локализацияны арттыруы керек.

Алматыдағы барлық 11 шағын өнеркәсіп паркінде 76 резидент жұмыс істейді. 3,6 млрд теңге жеке инвестиция салынып, 914 жұмыс орны құрылған. 2026 жылға дейін қосымша 26 жоба іске асырылады. Бүгінгі таңда 250-ден астам ШОБ субъектісі өнеркәсіптік парктердің резиденті болуға ниет білдірді.

Үкімет басшысы экономиканың басым секторларында жобаларды іске асыратын бизнесті қолдаудағы әкімдіктің нақты жұмысының маңыздылығын атап өтті.

"Президент өзінің жолдауында үкіметке шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруді ынталандыру туралы тапсырма берді. Алматы мен жалпы ел экономикасы үшін бизнесті қолдау әрі іскерлік белсенділікті ынталандыру құралдарын жетілдіру маңызды. Индустриалды аймақтар, әсіресе шағын өнеркәсіптік парктер тиімді механизмге айналды. Мұнда кәсіпкерлер өндірісті өрістете отырып, үнемделген қаражатты айналымға жібере алады. Жұмысты жалғастырып, тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет", - деді Олжас Бектенов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132451-bektenov-almatynyng-industriialyq-aimagyndagy-kasiporyndardy-aralap-ondiristi-lokalizatsiialaudy-tapsyrdy/