Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жетісуда тазалық акциялары жалғасып жатыр

Жарияланған күні:

"Таза Қазақстан" акциясы
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы Жетісу облысында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Бүгінгі күннің өзінде жалпыұлттық тазалық шарасына облыс бойынша 160 мыңнан адам атсалысты.

Бүгін Жетісу облысы жастарының ұйымдастыруымен "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы және "Игі істер" марафоны аясында "Жинаquest" атты экологиялық квест ойыны өтті.

Шараға белсенді жастар, эковолонтерлер, қала тұрғындары мен қонақтарынан жасақталған командалар қатысты. Жаңашыл форматтағы шараның мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге қоршаған ортаның, табиғаттың тазалығы қаншалықты маңызды екенін көрсете отырып, өз үлесін қосуға ықпалдасу. Тазалыққа бағытталған ойын Талдықорған қаласының аумағында 5 локация бойынша өтті. Қатысушылар белгіленген аумақты қоқыстан тазалаумен қатар, шапшаңдық пен ұтқырлықтан да бәсекеге түсті. Сонымен қатар ойын барысында танымдық сұрақтарға жауап беріп түрлі кедергілерден өтті. Викториналық сұрақтар Жетісу өңірінің тарихы, табиғи маңызды орындары мен киелі жерлері туралы қойылды.

"Таза Қазақстан" акциясы
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Сонымен қатар Көксу ауданы бойынша "Таза аула" және "Таза көше" байқауларының қорытынды күні өтті. Республикалық акция аясында жарияланған байқау аталмыш ауданның барлық 10 ауылдық округінде ұйымдастырылған болатын. Ендігі кезекте ауқымды аудандық сенбілік ұйымдастырылып, соңында ең таза көшелер мен таза аулалар анықталды. Ең таза аулаларға арнайы тақтайшалар ілініп, аула тұрғындары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Көксу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілов: "Ел деңгейінде өткізіліп жатқан ауқымды тазалық акциясы аса маңызды науқан болып табылады. Жастар ғана емес, аға буын – ардагерлердің, орта буын – ел ағаларының, жас ұрпақтың иық тіресуімен бірге атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес. Көктемнен бері жұмылып жұмыс істегеннің арқасында туған ауылымыз қайта түлеп, жаңа кейіпке енді. Бар игіліктің бастауы – тазалықта. Осыны әр қазақстандық ұғынса деймін", деп пікірін білдірді.

"Таза Қазақстан" акциясы
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Сонымен қатар ағынды Ақсу өзені мен тұмса табиғатқа ие Жалаңаш көлінің жағалауында 100 адамның қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілде.

Айта кету керек, "Таза Қазақстан" акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1183 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 6337 тонна қоқыс шығарылып, 2226 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар, 25 826 м2 автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды.

"Таза Қазақстан" акциясы
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Аталған жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132463-zhetisuda-tazalyq-aktsiialary-zhalgasyp-zhatyr/