Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шегеді": Жүсіпбек Аймауытовтың тағдыры, өмірі, ұрпақтары

Жарияланған күні:

Жүсіпбек Аймауытов
Жүсіпбек Аймауытов. Фото: el.kz

Сталиндік қуғын-сүргін басталған жылдары алғашқылардың бірі болып тұтқындалып, ату жазасына кесілген қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, қазақ журналистикасының көшбасшысы Жүсіпбек Аймауытов қысқа ғұмырында артына мол әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерген. Ашаршылық жылдардағы қайраткерлігі – бір төбе. Жүсіпбек Аймауытов қара сөздің шебері ғана емес, туған өлкесіне асқан қолөнерші, ағаш шебері, етікші, суретші ретінде танылған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болған.

Жүсіпбек Аймауытовтың туған жері, өскен ортасы, еңбек жолы

Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы (кей деректерде 1895 жылы) Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы Қызыл ту ауылында дүниеге келген. Қазір ол ауыл Жүсіпбек Аймауытов ауылы деп аталады.

Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан ел арасында абыройлы, бай-қуатты кісілер болған. Әкесі балаларын жастайынан еңбекке баулиды. Жүсіпбек те әкесінің үйретуімен етікші, ерші, өрімші, ағашшы, тігінші сияқты қол өнерлерін игеріп, күнкөріс кәсіпке айналдырады. Ән салып, домбыра тартуды үйренеді. Бала Жүсіпбек жастайынан арабша хат таныған. Орысша сауатын да ауылдан ашады. Әкесі Оспанның оқып жүрген немере туысы Қағазбай Жүсіпбекке орысша үйретеді.

"Аймауытұлының қолжазбасын көрсеңіз таңғаласыз, маржандай тізілген, сондай сұлу жазылған. Қазақ баласының каллиграфияны қалай керемет меңгергеніне куә боласыз. Әкелері ағасы Ахат екеуін қолөнер бұйымдарын жасап үйретумен қатар, әдемі жазуға (шимайшылыққа) баулитын оқуға берген", - деген дерек келтіреді профессор, жүсіпбектанушы Айгүл Ісімақова.

1905 жылы Баянауылға барып, орыс мектебіне оқуға түседі. Мұнда бір қыс оқыған соң мектептегі әділетсіздіктерге қарсылық білдірген шәкірттердің ереуіліне қатысамын деп, оқудан шығып қалады. Қыстай етік тігіп күн көреді. Жазда Баянауылға келіп, ондағы мектепте оқуын жалғастырады. Мектепті бітірген соң ауылда бала оқытады.

1911 жылы Керекудегі екі кластық орыс-қазақ мектебіне қабылданады. Одан кейін төрт жылдық мектеп-интернатты бітіреді. 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіреді.

Жүсіпбек Аймауытов
Жүсіпбек Аймауытов. Фото: qazaqadebieti.kz

1914 жылы Семейдегі Оқытушылар семинариясына қабылданып, оны 1918 жылы бітіріп шығады.

Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде "Абай" журналын шығарысып, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен танысады. Осы журналда "Екеу" деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, "Абайдың өмірі және қызметі" (1918, № 2), "Абайдан кейінгі ақындар" ("Абай", 1918, № 3) деген мақалалар жазды.

"Абай" журналы
"Абай" журналы. Фото: abai.institute

"Аймауытовтың журнал бетіндегі аса назар аударарлық мақалаларының қатарына "Ұлтты сүю", "Журнал туралы" және "Тәрбиені" жатқызуға болады. "Ұлтты сүюде", мысалы, автор қазақ зиялы қауымын өзін-өзі тәрбиелеуге, қара халықтан қашпай, араласып, оларды алаңдатып жүрген тақырыптарды үнемі сұрастыруға, қоғамдағы өзгерістер жайлы үнемі хабардар болуға үгіттейді", - делінген "Абай" журналының шығу тарихына арналған мақалада.

1919 жылы Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді. Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АҚСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады. 

  • Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921);
  • "Қазақ тілі" газетінің редакторы;
  • Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922—1924);
  • Қазақ халық ағарту институтына ана тілі пәні мұғалімі (1924 жылдың 11 қазанынан бастап):
  • Ташкентте шығатын "Ақ жол" газетінің бөлім меңгерушісі (1924—1926);
  • Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926—1928) қызметтерін атқарады. 

Жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлы сонда 18 оқытушы болғанын, соның үшеуі ғана қазақ болғанын айтады.

"Сол үшеудің ішінде ең тәжірибелісі, жоғары білімдісі Жүсіпбек Аймауытов болған екен. 1926-28 жылдары Жүсіпбектен 14-15 жастағы бозбалалардың ішінде Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Төлеген Тәжібаев сынды қазақ балалары тәлім алған. Бауыржан Момышұлының өзі Жүсіпбекті "менің ұлы ұстазым" деп атап айтқан. Бұл деректер Мамытбек Қалдыбаевтың естеліктерінде сақталған. Мамытбек Қалдыбаев кезінде бұл сөздерді Бауыржан Момышұлының өз аузынан жазып алған екен. Сонда Баукең "мені әдебиетке де баулыған, орыс әдебиетіне деген ықыласымды оятқан, қандай әдебиеттерді оқуды үйреткен – Жүсіпбек Аймауытов" деп қадап айтқан екен", - дейді бір сұқбатында Нұржан Қуантайұлы.

Жүсіпбек Аймауытовты қуғындау тарихы жөнінде жазылған мақалада 1921-1922 жылдардағы аштық кезінде Жүсіпбек Аймауытов Торғайдағы ашыққан халыққа жәрдем беру ісіне қатысып, кейін сол үшін қуғынға ұшырағаны жазылады.

"Оның басшылығымен 1921 жылғы қыркүйекте Семей губерниясынан аштар үшін жиналған 7000 бас малдың алғашқы партиясы (4249 бас) Торғай уезіне жеткізіледі және оның төрағалығымен бұл мал уезд аштарына таратылады. Артынша, 1922 жылдың қараша айында бұл малды үлестіру жұмысын тексеру үшін жоғары жақтан арнайы комиссия құрылып, малдың басым көпшілігі уездің "байлары мен кулактарына" берілді деген шешім шығарады.

Осыдан бастап Торғай аштарына жәрдем көрсетуге қатысқан барлық азаматтарды айыптау, қуғындау ісі басталады. Ол 12 томнан тұратын "Торғай ісі" атты сот процесі еді", - деп жазады мақала авторы.

Сотта Жүсіпбек Аймауытов ақталып шыққан, дегенмен оны қудалау мұнымен тоқтамайды.

Жүсіпбек Аймауытов
Жүсіпбек Аймауытов. Фото: turkistan.today

1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Тұрсын Жұртбайдың "Ұраным – Алаш" кітабында Жүсіпбекке тағылған айыптар тізілген: "1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған. 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған. 3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған. 4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған. 5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған деген айып тағылды".

Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығы

Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылықпен әуес­тенуі Семейде оқып жүрген кезінен басталады. Жас қаламгер өлеңдер, газетке арнап шағын мақалалар, көркемөнер үйірмелеріне бір актілі пьесалар жазады.

"Ең алғаш менің өлең жазғаным он үш жасар кезім болса керек. Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп, әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным он тоғыз-жиырма жасар кезім болса керек… Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім 1913 жылы болса керек. Бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім, бұл хабар "Қазақ" газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды", - деп жазады өзі естелігінде.

Сыншы, ғалым Дандай Ысқақұлы алғашқы өлеңдерінен-ақ қаламгердің шығармашылық қызметінің ұлт-азаттық, ұлтшылдық рухтағы әлеуметтік бағыты айқын көрінетінін жазады.

1917 жылдан бастап Жүсіпбек Аймауытовтың мақала, әңгіме, өлең, пъесалары "Қазақ", "Сарыарқа", "Жаңаөріс", "Ақжол", "Еңбекші қазақ", "Қосшы" газеттерінде, "Абай", "Лениншіл жас", "Жас қазақ", "Әйел теңдігі" жиі жариялана бастайды.

Библиограф-ғалым Үшкөлтай ­Субханбердина Жүсіпбек Аймауытовтың 16 бүркеншік есімі болғанын анықтаған.

1929 жылы жазылған "Нұр күйі" поэмасында (автор "Күйлі сөз" деп атаған) Жібек ананың соқыр боп туған баласының өнерпаз, күйші болып өскендігі, орыс дәрігерлерінің көмегімен көзі көріп, қуаныштан, шаттықтан күй тартқандығы жырланады. Бұл поэма Қызылордада жеке кітап болып басылады.

Жүсіпбек Аймауытовтың қаламынан "Әнші", "Елес", "Жол үстінде" сияқты әңгімелер, "Күнікейдің жазығы" повесі, "Қартқожа", "Ақбілек" романдары туған.

Қаламгердің прозадағы көркем де кесек туындыларының бірі – "Қартқожа" романы (1926). Романда қазақ даласында Қазан төңкерісі әкелген өзгерістер бейнеленген. Шығарманың бас кейіпкері – Қартқожа Жұманов өмірде болған адам. "Қартқожа" 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазылған тұңғыш роман саналады.

Дандай Ысқақұлы "Ақбілек" романында қазақ қызының тағдырына төңкеріс әкелген өзгерістердің тигізген қилы әсерлері көркем бейнеленгенін, "Ақбілекте" Жүсіпбек қазақ сөз өнерінің шын шебері ретінде жарқырап көрінгенін жазады.

Ғалым Айгүл Ісімақова Жүсіпбек Аймауытовтың мықты психолог маман екені осы романда ерекшеленетінін атап өтеді.

"Роман идеялық жағынан болсын, көркемдік қасиеттері болсын, бүкіл қазақ прозасының классикалық туындыларының қатарында", - деп баға береді ғалым.

"Ақбілек" қазақ прозасындағы алғашқы психологиялық роман саналады.

Жазушы балалар әдебиетіне де үлес қосқан. Ол турасында академик Серік Қирабаев былай дейді:

"Жүсіпбек көп шығармасын жаңа, жас ұрпаққа арнады. Соларды жаңа рухта, күрескерлікке, адамгершілікке тәрбиелейтін кітаптар жазды. Оның балаларға арнап жазған "Жаман тымақ", "Шал мен кемпір", "Көк өгіз", "Үш қыз" сияқты ертегілері бар. Олар суретті кітапша үлгісінде жазылған".

Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебие­тіне В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларын аударып, көркем аудар­ма­ның да көкжиегін кеңейтуге үлес қос­қан. Алдымен ана тіліне, сосын орыс тіліне жүйрік Аймауытұлы аудармаға да үлкен ізденіспен, биік мақсатпен барғанын ол аударған авторлар тізімі растайды.

Жүсіпбек Аймауытов – қазақ драматургиясының негізін салушылардың бірі. Ол қазақ театр өнерінің іргесін қалаушылардың қатарында. 1915 жылы Абайдың қайтыс болуының он жылдығына орай өткізілген әдеби кеште "Біржан-Сара айтысын" сахнаға лайықтап қайта жазып, онда басты рольді ойнаған Жүсіпбек болды. 1922 жылы "Еңлік-Кебектің" сахналық нұсқасын сахнаға шығарады. Кейіннен "Сылаңқыз" (1922), "Ел қорғаны" (1925), "Шернияз" (1926), "Рәбиға" (1926), "Қанапия-Шәрбану" (1926) драмаларын жазды.

"Жүсіпбектің пьесалары негізінен өз дәуірінің өзекті мәселелеріне айналған. Айтар ойының айқындығымен, драмалық тартыстың өткірлігімен ерекшеленеді", - деп жазады Дандай Ысқақұлы.

Жүсіпбек Аймауытов – қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей атсалысқандардың бірі. Ол ұлттық ғылыми психологиялық терминдердің жасалып, жүйеге түсуіне зор үлес қосқан. Жеке ғылым саласының терминдерін жасап, оларды қолданысқа енгізумен қатар өзге тілдерден термин қабылдау мен терминологиялық жұмыстарды жүргізудің өзіндік жолын ұсынып, жеке көзқарасымен ерекшеленген.

Жүсіпбек Аймауытұлының терминология туралы ойлары мен оны қалыптастыру туралы негізгі ұсыныстары оның "Ақ жол" газетінің 1925 жылғы 1 мамырдағы санында жарияланған "Пән сөздері қалай табылады?" деп аталатын мақаласында айтылады.

Аймауытовтың отбасы, балалары

Жүсіпбек Аймауытовтың артында Бектұр, Жанақ есімді екі ұл мен Мәруа есімді бір қыз қалған.

"Алаш" электронды кітапханасындағы деректерде Жүсіпбек Аймауытов алғашқы жұбайы орыс ұлтынан Вера Александровна Волковамен Орынборда кездескені айтылады. Жүсіпбек Аймауытов пен Волкова Верадан ұлдары Бектұр және Жанақ туған. Вера Александровна Ж.Аймауытовтың билік органдарының көрген көптеген қысымдарынан қорқып, өзіне қауіп төндірмеуге шешім қабылдап, күйеуі мен ұлдарын тастап, Орынборға кетті деген нұсқа бар. Тағдырлары жараспаған қос жұп ажырасқаннан кейін Жүсіпбек Аймауытов 4 жастағы Бектұр мен 1 жастағы Жанақты туған бауыры Жақыпбектің қолына әкелген.

Жүсіпбек Аймауытов балаларымен
Жүсіпбек Аймауытов балаларымен. Фото: alash.semeylib.kz

Журналист Ғалия Балтабайдың Жүсіпбек Аймауытовтың ұрпағы туралы мақаласында мынандай дерек келтіріледі:

"Негізінен олардың үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шегеді. Әкесі "халық жауы" деп танылғанда Бектұр Аймауытов он жаста ғана болатын. Жер аударылған жылы Уфа қаласында Мәскеуден келген атақты орыс инженерінің қолынан көп нәрсені үйренеді әрі дәріс алады. "Электрик" деген мамандық алып шығады. Осы салада өткен байқауларда Бектұр Жүсіпбекұлы талай рет жеңімпаз атанады. Бағы жанып, ол 1936 жылы Қазан қаласындағы С.Горбунов атындағы соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа жұмысқа орналасады. Ол сол кездегі ең мықты ұшақ жасайтын зауыттардың бірі болатын. Бектұр Аймауытовтың еңбекақысы да жоғарылап, жұмысы да жүріп кетеді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмайды. 1937 жылы үстінен арыз түсіп, "Контрреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық жасағалы жүр" деген жаламен ОГПУ тексеріп, Ақтеңізге абақтыға айдап жібереді. Сөйтіп ол 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Тура 10 жыл дегенде Бектұр Аймауытов түрмеден босап шығады".

Ал Аймауытовтың екінші ұлы – Жанақты да 1941 жылы "халық жауының ұлы" деп, еңбек армия-сына жіберген. Соғыстан кейін математика саласында білім алып, Мәскеуде жоғары математикадан өмір бойы сабақ беріп, ұстаздықпен айналысыпты.

Қызы Мәруа (Муза) 1926 жылы Орынбор қаласында туған. Әкесі қудаланған жылы ол төрт жаста болған. Кейін тұрмыс құрып, Ақтөбе қаласында тұрып, "Ақтөберентген" бірлестігінде зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істейді.

Жүсіпбек Аймауытов қызы Мәруамен
Жүсіпбек Аймауытов қызы Мәруамен. Фото: alash.semeylib.kz

"Біздің анамыз жайлы айтатын болсам, әкем – екі рет үйленген адам. Жанақ пен екеуіміздің анамыз Вера Николаевна Волков деген көрнекті жазушының қызы болатын. 1921 жылы өмірден ерте кетті. Содан біз біраз уақыт әкем сотталып кеткесін, осы екінші анамыздың қолында тұрдық", - деген екен Бектұр Аймауытов журналист Ғалия Балтабайға айтып берген естелігінде.

Ол жетпіс жылдай Ресейде тұрып, қартайған шағында туған жеріне оралады.

Жүсіпбек Аймауытов пен жары Евгения Қарабатырқызы
Жүсіпбек Аймауытов пен жары Евгения Қарабатырқызы. Фото: /alash.semeylib.kz

Жүсіпбек Аймауытовтың фотосуреттері мен жеке заттарын екінші зайыбы Евгения Қарабатырқызы Аймауытова (Мәруаның анасы) сақтап қалған. Соны ол 1991 жылы туған жері Павлодар қаласына арнайы барып, Бұқар жырау мұражайына табыстайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2132709-ulken-uly-bektur-kop-qasiret-shegedi-zhusipbek-aimauytovtyng-tagdyry-omiri-urpaqtary/