Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Меморган ғимаратында жарылыс жасамақ болған: ҰҚК басшысы бірнеше террористік актінің жолы кесілгенін мәлімдеді

Жарияланған күні:

ҰҚК қызметкері
ҰҚК қызметкері. Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев террористік актілердің алдын алу шаралары, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды өзге де маңызды мәселелер туралы айтып берді. Бұл туралы ҰҚК төрағасы Kazinform агенттігіне берген сұқбатында мәлімдеді.

Ермек Сағымбаевтың айтуынша, Қазақстанда терроризм қаупі жойылды деп айтуға әлі ерте. Бұл проблема барша әлемде, тиісінше біздің елімізде де ұзақ уақыт бойы өзекті болады.

"Бірінші террористік акт Ақтауда тоқтатылды. Мұқият жедел зерттеудің нәтижесінде қала тұрғындарының бірі радикалды діни идеологияны ұстанушы ретінде назарға ілінді.

Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалымен мемлекеттік органдардың бірінің ғимаратында жарылыс жасамақ болған.

Қолдан жарылғыш құрылғы жасауға арналған компоненттерді, соның ішінде жанғыш және өзге де химиялық қоспаларды, сондай-ақ зақымдау элементтерін – бұрандамалар мен шегелерді сатып алған. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық фактісін дәлелдейтін басқа да айғақтар табылып, алынды.

Екінші террористік актінің шетелде жолы кесілді. ҰҚК жедел қызметкерлері жоспарланған акция туралы алғашқы мәліметтер алып, ол туралы шетел мемлекетінің тиісті қызметтері дереу хабардар етілді. Бірлескен тексеру барысында материалдар расталып, теріс әрекеттің алды алынды", - деді ҰҚК басшысы.

Оның сөзінше, ұлттық қауіпсіздік органдарының материалдары бойынша, биыл террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталып, тағы 23-і тергеліп жатыр.

Сағымбаев экстремистерді қайта әлеуметтендіру бойынша біздің тәжірибеміз әлемде озық деп танылғанын атап өтті. Оның әртүрлі халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ тарапынан жоғары бағаланғанын айтты.

Сонымен қатар ҰҚК басшысы Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің сыртқа шығуына және елдегі байланыс операторларының желілеріне хакерлердің енуіне қатысты жағдайға тоқталды.

"Бұл фактілерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбас бұрын әшкерелеген. Уәкілетті министрлікпен және байланыс операторларымен бірлесе отырып, олқылықтарды жою және залалды азайту жұмыстары жүргізілді. Мысалы, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан топтардың еліміздің аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қарсы жасаған қылмыстары бойынша 10 қылмыстық істі тергеу үстінде. Осы санаттағы істерді тергеудің ең қиын бөлігі – хакерлер мен шабуылдар көздерін анықтау", - деді Сағымбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2133105-memorgan-gimaratynda-zharylys-zhasamaq-bolgan-uqk-basshysy-birneshe-terroristik-aktining-zholy-kesilgenin-malimdedi/