Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"1 млрд теңгеден асады": Антикор жарты жылда 592 шенеуніктің қылмысын әшкерелеген

Жарияланған күні:

Кісен мен ақша
Ақша мен кісен. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Лауазымды тұлғалардың қатысуымен жасалаған қылмыстық схемалар бойынша 592 адам әшкереленген, оның ішінде 107 басшы бар. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жартыжылдық алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жартыжылдық алқа отырысында биыл агенттік 876 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркегені айтылған.

"Оның едәуір бөлігі парақорлықпен, жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланумен байланысты.

Әкімдіктердің, квазимемлекеттік сектордың және құқық қорғау органдарының қызметкерлері жемқорлыққа барынша бейім.

Жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларға білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жатады", - делінген ведомство хабарында.

Ведомство басшысы Асхат Жұмағалидің айтуынша, агенттік жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен қылмыстық схемаларды әшкерелеуге байланысты сандық емес, сапалық көрсеткіштерге бағдарланған.

"Анықталған қылмыстарды жасауда 592 адам әшкереленді, оның ішінде 107 басшы бар.

Олардың ішінде бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, облыстық басшылар бар", - деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әділет экс-министріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтағаны мәлім болды.

"Ол жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деп күдіктенеді", - делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ Агенттік бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі мен мердігер ұйымның басшылығына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтаған.

Бұл істердің әрқайсысы бойынша залал 1 млрд теңгеден асады.

Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша ТЖ жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министрге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Ол ҚР ТЖМ әскери бөлімінің қолбасшылығына және Қарағанды облысы ТЖ департаментінің лауазымды тұлғаларына жеке үй салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы заңсыз нұсқаулар берді деп күдіктелуде.

Зерттеу нәтижелері бойынша Бас әскери прокуратура қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Ақмола гарнизонының әскери сотына жіберді.

"Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Жүнісов және оның қарамағындағылар – балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Суықбаев сотталды.

Сот үкімімен оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар бұл адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Олар жалпы қамқорлығы үшін 2021 жылдан 2024 жылдың ақпанына дейін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі түрде пара алды деп айыпталды", - делінген Антикор ақпаратында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

"Солтүстік Қазақстан облысында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы әшкереленді.

Ол СҚО қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне ұн жеткізу бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға жәрдемдескені үшін кәсіпкерлік субъектісінен 1 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде.

Соттың санкциясымен күдікті үй қамағына алынды", - делінген ведомство хабарламасында.

Өскемен қаласының №2 соты ШҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Зияновқа қатысты үкім шығарған.

"Ол сотталған "Оператор РОП" ЖШС-ның бұрынғы басшысы М. Құмарғалиевке жазасын өтеу кезінде қолайлы жағдайлар жасау арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен Зияновқа 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру және "әділет подполковнигі" арнаулы атағынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ", - дейді Антикор өкілдері.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2133165-1-mlrd-tenggeden-asady-antikor-zharty-zhylda-592-sheneunikting-qylmysyn-ashkerelegen/