Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қате аударма: "ожидается" – "күтіледі" емес

Жарияланған күні:

Қате аударма
Қате аударма: NUR.KZ

Қате аударма маңызды ақпараттың мәнін өзгертіп, түсінбеушілікке немесе жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін. Бұл, әсіресе, медицина, заң, техника және журналистика сияқты салаларда өте қауіпті, себебі дұрыс берілмеген ақпарат тіпті адам өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Тіл тазалығы да маңызды. Осы себепті "Қате аударма" айдарын жүргізуді қолға алдық.

Қате: кәмелеттік жас

"Сөзтүзер" қате қолданыстар сөздігінің авторлары "кәмелеттік жас" тіркесіндегі "-тік" қосымшасы артық дейді. Себебі сөздер анықтауыштық қатынаста тұруы үшін орыс тілінің үлгісімен алдыңғы тұрған сөзге "-лық", "-лік" қосымшасын жалғау міндетті емес.

"Олар изафеттік қатынаста (ілік септігі мен тәуелдік жалғау тұлғалы сөздің тіркесі) тұрып-ақ сол мәнді бере алады", - деп түсіндіреді мамандар.

Дұрыс нұсқасы: кәмелет жасы

Қате: "болады ма", "келеді ме"

Қазақ грамматикасында -а, -е, -й жұрнақты көсемшесі арқылы жасалған ауыспалы шақтағы етістікке ма, ме сұраулық демеулігі тіркескенде -ды, -ді жақтық көрсеткіштерін түсіріп тастап айту, жазу нормаға айналған. Сондықтан лингвистер мұндай тіркесте "бола ма", "келе ме" деп жазу дұрыс дейді.

Дұрыс нұсқасы: "бола ма", "келе ме"

Қате: "айтпайды ма"/"-йды ма"

Мұнда да -а, -е, -й тұлғалы көсемшеден кейін ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылаулары келгенде жіктікі жалғауы жалғанбайды. Сондықтан сөйлемдегі сұраулық шылаудың алдында тұрған "айтпайды", "болмайды" етістіктеріне -ды жіктік жалғауын жалғау қате, делінген сөздікте.

Дұрысы: "айтпай ма"

Қате: есеге қысқару, есеге өсу, есеге

Қазақ тілінің емлесі бойынша бұл тіркесте табыс септігінің жалғауы қажет емес. "Сөзтүзер" сөздігінің авторлары бұл қатені былай деп түсіндіреді:

"Қазір қазақ тіліндегі мәтінде пәлен жасқа үлкен, түген күнге кешікті, тағы сол сияқты қолданыстың дағдыға айналғаны рас. Дегенмен тіл заңдылығы бойынша, бұл тіркестердегі барыс септік жалғауының қажеті жоқ. Мұндай олқылықтың қалыптасуына орыстілінің ықпалы бар екені аңғарылып тұр".

Дұрысы: есе қысқарды, есе өсті, есе

Қате: найзағай күтіледі, жаңбыр күтіледі

Көптеген газет-сайттағы ауа райы болжамына байланысты жазылған мәтіндерде осы сөзді байқаймыз. Бұл сөз – "ожидается" сөзінің қазақ тіліндегі баламасы ретінде жазуға ұмтыластан шыққан қате. "Сөзтүзер" авторларының айтуынша, "күтілу" сөзі адамға я жануарға байланысты қолданылады.

"Ғаламзат есімдері күтудің нысаны болады, субъектісі бола алмайды", - дейді сөздік авторлары.

Дұрысы: найзағай ойнайды, күн күркірейді, жаңбыр жауады

Құрметті оқырман, айдарымызды жалғастыра отырайық. Келесі кезекте қай сөз тіркестерін талдауды ұсынасыз, пікіріңізді жаза отырыңыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2133249-qate-audarma-ozhidaetsia-kutiledi-emes/