Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құлдықта ұстап, азаптаған": Ұлытау облысында қамқоршы әйел 4 жылға бас бостандығынан айырылды

Жарияланған күні:

қыз бала
Кішкентай қыз. Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлытау өңірінде қамқоршы әйел балаларды құлдықта ұстап, бес жыл бойы қинаған. Бұл үшін прокурорлар оны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот оған небәрі 4 жыл кесті, деп хабарлайды Almaty.tv арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Телеарна ақпаратына сүйенсек, әйел кінәсін жартылай ғана мойындаған. Алайда куәгерлердің айғақтары мен сараптама қорытындысы оның қылмыстық әрекетін растады. Соттың мәліметінше, әйел балаларды күштеп қала сыртында ұстап, ұрып-соғып, мал бағуға мәжбүрлеген.

"Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2 тармақтары бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, Қылмыстық кодекстің 142-бабы бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігімен, қылмыстарды неғұрлым қатаң жазамен біріктіргені үшін жеңілірек жазаны өтеумен түпкілікті жаза – 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді судья Әйкерім Ержанова.

Ұлытау облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Гүлмира Жаппасова барлық куәгерден жауап алынғанын атап өтті. Алайда балалар омбудсмені 4 жылға бас бостандығынан айыру мерзімін аз деп санайды.

"Прокурордың өтініші бойынша 7 жыл мерзім сұралды, бірақ сот шешімімен осы 110 және 142 баптар бойынша 4 жыл тағайындалды. Бұл өте аз деп ойлаймын", - деді Жаппасова.

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Ұлытау облысында балалар 5 жыл бойы құлдықта болғанын мәлімдеп, Facebook желісінде жазба жариялағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2134569-quldyqta-ustap-azaptagan-ulytau-oblysynda-qamqorshy-aiel-4-zhylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/