Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"380 млн теңге пара беруді талап еткен": Талдықорғанда бұрынғы білім бөлімінің бастығы сотталды

Жарияланған күні:

Ақша мен кісен
Ақша мен кісен. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Талдықорған қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған аса ірі мөлшерде пара алуға оқталған деген айып тағылған. Бұл туралы Жоғарғы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Жоғарғы соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпарат бойынша, бұрынғы білім бөлімінің бастығы бухгалтер мен оның екі сыбайласының ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғанын анықтаған.

"Өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ол бухгалтерден атқарып отырған лауазымын босатуды немесе қамқорлығы үшін 380 млн теңге пара беруді талап еткен. Бухгалтер мен оның сыбайластары 200 млн теңге жинап, оны көлік жүргізушісі арқылы бөлім бастығына берген.

Кейінірек, басшы параның қалған сомасын талап еткенде, бухгалтер құқық қорғау органдарына жүгініп, басшы 80 млн теңге пара алған кезде ұсталған.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, қылмыстық іс материалдарымен және іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен расталады", - делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Прокурор сотталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындамады.

Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының болуын ескерген. Ауырлататын мән-жай – мемлекеттік қызметшінің антын бұзу.

"Сотталушы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде пара алу) және 24-бабының 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды", - деп хабарлады сот өкілдері.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған қоса сот өкілдері бухгалтер мен оның екі сыбайласына қатысты жымқыру фактісі бойынша жеке қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2135706-380-mln-tengge-para-berudi-talap-etken-taldyqorganda-buryngy-bilim-bolimining-bastygy-sottaldy/