Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда барахолка базарында болған өрт: кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіледі

Жарияланған күні:

Алматыда барахолкадағы қойма өртенді
Алматыда барахолкадағы қойма өртенді. Фото: almaty.tv

Алматыда барахолка базарында тауары отқа оранған кәсіпкерлерге басқа қойма берілмек. Сауда орнының әкімшілігі кәсіпкерлерге көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

Алматыда 7 кәсіпкердің жиған-тергені 10-15 минуттың ішінде күлге айналған. Жалғыз табысынан айырылған жұрт "өтемақы өтеле ме?" деген сұрақ алаңдатады.

"Отбасымда менен басқа жұмыс істейтін адам жоқ. Әкем мен шешем, 3 балам, әйелім бар. Жұмыссыз қалдық, шынында, ақшасыз отырмыз. Ертең не болады, білмейміз. Жиналысқа барып көреміз", – деді кәсіпкер Зейін Ақанұлы.

Телеарна мәліметінше, уәде етілген жиналыс болды. Базар әкімшілігі кәсіпкерлермен ортақ шешімге келгенін айтты. Оқиғаның мән-жайы анықталғанға дейін зардап шеккендерге көмек көрсетіледі.

"Өрттің себебі анықталғанша кәсіпкерлерге басқа қойма беріледі. Олар бүгін шамамен қанша шығынға батқанын айтты. Мұның бәрі әлі де есептеледі. Қолдау көрсетеміз. Өрт жалға алушылардың қателігінен де шығуы мүмкін", деді сауда орталығы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Болат Қожақов.

Қызыл жалын 2300 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Төтеншеліктер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Өртті жоюға 110 адам, 23 техника мен 1 тікұшақ жұмылдырылды. "Қазавиақұтқару" тікұшағы өрт ошағына әуеден алты мәрте су төккен. Алайда тілсіз жау туралы хабар кеш жеткендіктен, қызыл жалын айналасына тез тараған. Оны сөндіруге қоймадағы тұтанғыш заттардың көп болуы да кедергі келтірген.

"Құқықбұзушылықтың болмауын қамтамасыз ету бойынша Полиция департаменті, Ұлттық гвардия, СОБР қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт күрделі болып саналады. Бір жарым сағатта оқшауланды. Түнімен өрт сөндірушілер оқиға орнында болды. Үйінділерді қопарып, тез жанғыш заттардан тазартты", деді төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, күні кеше отқа оранған қойманың бой көтергеніне көп уақыт бола қоймаған. Ал мұндағы басқа сауда орындарындағы өрт дабылы жүйесіне бұған дейін тексеріс жүргізілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2135766-almatyda-baraholka-bazarynda-bolgan-ort-kasipkerlerge-qandai-komek-korsetiledi/