Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Петропавлда екі күнде 15 млн теңгенің вейптері тәркіленді

Жарияланған күні:

Вейпті қағып алып жатқан адам
Вейп. Көрнекі фото: pixabay.com

Петропавлда заңмен тыйым салынғанына қарамастан вейптерді сатудың үш дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Петропавлдағы Интернационал көшесіндегі бутиктердің бірінен тыйым салынған заттардың саудаға түскенін анықтады. Тінту кезінде екі түрлі 150 вейп тәркіленді. Тәркіленіп алынған заттардың жалпы сомасы 2 млн 400 мың теңге.

Дәл сол күні жедел уәкілдер Алтынсарин көшесінде 19 жастағы қала тұрғыны жалға алған гараждан 197 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 542 құтыны анықтап, тәркіледі. Тәркіленген заңсыз тауардың жалпы сомасы 7 млн теңгені құрады. Жас жігіт бұл тауарды сатуға заңмен тыйым салынғанын біле тұра, саудасын жүргізген, ол үшін Telegram мессенджерін пайдаланған.

Бұдан бөлек, Добровольцев көшесінің бойында басқарманың жедел уәкілдері Volkswagen автокөлігінің 19 жастағы жолаушысынан түрлі маркадағы 272 вейп пен оларға арналған сұйықтық құйылған 130 құтыны анықтады. Тәркіленген тауардың құны 6 млн 220 мың теңгеге бағаланып отыр.

Жігіттің айтуынша, ол да заңмен бұл тауарға тыйым салынғанын білген, соған қарамастан танымал мессенджердегі каналды пайдаланып, осы өнімдерді сатып келген.

Барлық үш факті бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды, тергеу жүріп жатыр.

Мамандардың айтуынша, сұйық қоспалар түріндегі никотин денсаулыққа, әсіресе, жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Вейпті пайдалану мидың, жүрек-қан тамыр жұмысына кері әсерін тигізеді, аллергиялық реакцияларды қоздырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2137128-petropavlda-eki-kunde-15-mln-tenggening-veipteri-tarkilendi/