Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыдағы зауытта болған төтенше жағдай: облыс әкімі оқиғаны тергеу барысы туралы айтты

Жарияланған күні:

Ермағанбет Бөлекпаев
Ермағанбет Бөлекпаев. Фото: t.me/KZgovernment

Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа ферроқорытпа зауытында болған оқиғаны тексеріп жатқан арнайы комиссияның жұмысы баяндалды. Бұл туралы облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғаны тергеу Қарағанды облысы басшылығының тұрақты бақылауымен жүріп жатыр. Жауапты органдар аппараттық кеңесте жағдайды баяндады.

"Өздеріңіз білетіндей, ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болып. Өкінішке қарай, 8 қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім, дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", - деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр, үшеуінің жағдайы ауыр жағдайда. Шокқа қарсы барлық кешенді терапия жүргізіліп жатыр.

YDD Corporation ферроқорытпа зауытында болған оқиға бойынша ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша "Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Еңбек заңнамасы шеңберінде болған жағдайдың себептері мен мән-жайларын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.

"Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері кірді. Жұмыстар бірінші күннен басталып кетті. Әр өкіл өз бағытын пысықтап жатыр. Бастапқыда оқиға болған жер тексерілді, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді. Енді техникалық құжаттамамен танысып жатыр. Біз күн сайын жұмыс істеп жатырмыз", – деді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов.

Тергеу қорытындысы бойынша қорытынды жасалады.

"Бұл жұмысты сіздер барлық жауапты мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізулеріңіз керек. Түбегейлі және объективті түрде", - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұған дейін Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болып, кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алғанын хабарлаған едік.

Зауыт өкілдері зардап шеккен жұмыскерлердің барлығы ауруханаға жеткізілгенін, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

Полиция өкілдері осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2137869-qaragandydagy-zauytta-bolgan-totenshe-zhagdai-oblys-akimi-oqigany-tergeu-barysy-qalai-zhurip-zhatqanyn-aitty/