Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда балалар алаңы мен автотұрақ үшін жаңа талаптар енгізілді

Жарияланған күні:

Алматы қаласындағы балалар алаңдарын абаттандыру
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда көріктендірудің жаңа ережесі бекітілді, онда құрылыс жұмыстарын жүргізу, аумақты жинау және абаттандыру кезінде тазалық сақтау мен күтіп ұстаудың негізгі аспектілері көрсетілді. Құжатта жедел дамып келе жатқан қаланың қазіргі жайы ескерілген.

Атап айтқанда, пункттің бірі балалар мен спорт алаңын күтіп ұстауды қарастырады. Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Әшкеновтың айтуынша, алаңды тиісті техникалық жағдайда ұстау және қыс мезгілінде қардан үнемі тазалау бойынша талап енгізілген. Алаңдағы қоршаулар мен құрылыс жылына кемінде бір рет сырлануы керек.

"Балалар мен спорт алаңының иесі қауіпсіздікті және тұрақты түрде күтіп ұстауды қамтамасыз етуге тиіс. Қауіпсіздік мақсатында нысандарды транзиттік жаяу жүргіншілер қозғалысынан, өтпелерден, бұрылыс алаңдарынан, қонақ тұрақтарынан және қоқыс алаңдарынан оқшаулау қажет. Балалар алаңына кіреберісті жол мен көше жақтан ұйымдастыруға тыйым салынады", - деді Дулат Әшкенов.

Алматы қаласындағы балалар алаңдарын абаттандыру
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ойын алаңдарын жаңарту кезінде жарақат алмау үшін аумақта тамырлардың шығып тұруына немесе төмен бұтақтардың, ескі, кесілген жабдық қалдығының, сондай-ақ темір бөгеттердің болмауына мән беріледі. Іргелес аумақтарды реконструкциялау кезінде балалар алаңдары жұмыс жүргізіліп жатқан жер мен құрылыс материалдарын сақтау орындары оқшауланады.

Сонымен қатар автотұрақ аумақтары үшін жаңа нормалар енгізіліп отыр. Қалада автокөлікті қысқа және ұзақ мерзімге қою, көше бойында, "қалта" түріндегі жолдың жиегіне қою сынды автотұрақтың сан түрі бар екені мәлім.

Алматы қаласындағы балалар алаңдарын абаттандыру
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жалпы пайдаланылатын жерлер мен аула аумағын жоспарлау кезінде көгалды автотұраққа айналдырмас үшін физикалық кедергілер орнату қажет. Бұған қоса, квартал мен аула ішіндегі жолға темірбетон блок, бағана, қоршау және басқа да құрылымды өз бетінше орнатуға тыйым салынады. Үй маңындағы аумақта автомобильдердің тротуарда, балалар алаңында, көгалда және контейнерлік алаңда тоқтауына және қоюына рұқсат жоқ. Бұзылып, жүрмей тұрған көлікті қоюға тыйым салынады.

Алматы қаласындағы балалар алаңдарын абаттандыру
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19 шілдеде VIII сайланған мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясында депутаттар Алматы қаласы аумағын көріктендірудің жаңа ережесін бекітті. Бұл іс-шаралар "Таза Қазақстан" республикалық акциясының мақсатна сәйкес келетін қауіпсіз, ыңғайлы әрі экологиялық жайлы қалалық орта құруға бағытталған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2139259-almatyda-balalar-alangy-men-avtoturaq-ushin-zhanga-talaptar-engizildi/