Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әйел ісі: қайырымдылықпен айналысатын ең жарқын қазақстандық іскер әйелдер рейтингі

Жарияланған күні:

Динара Зәкиева
Динара Зәкиева. Фото: instagram.com / zakiyevadinara

Қазіргі уақытта қазақстандық әйелдер кәсіпкерлікпен бірге қайырымдылық жасауды да қатар алып жүреді. Олардың біразы қайырымдылық қорын құрып немесе сондай ұйымдарға қолдау көрсету арқылы қоғам игілігіне елеулі үлес қосты. Бұл қандай іскер әйелдер және олар қоғамға қалай үлес қосып жатқаны жайында NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Сондай әйелдердің бірі – Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, "Қасиетті жол" қорының құрылтайшысы Динара Зәкиева. Қор медициналық көмекке аса мұқтаж балаларға көмек көрсетумен айналысады. Негізгі бағыт ретінде церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту бағдарламасы таңдалды. Оңалту орталықтарында мұндай диагноз қойылған балаларға бірқатар қызмет көрсетіледі: емдік дене шынықтыру, физиотерапия, кондуктивті терапия, сондай-ақ дефектолог, логопед, еңбек терапевтері, эрготерапевт және психологтармен сабақтар өтеді. Ата-аналар үшін арнайы тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Гүлнар Досаева да үздік бестікке еніп отыр. Ол "Дара" қайырымдылық қорының негізін қалаушы және G&G Glamour компаниясының вице-президенті. Қор балалар үйлері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттардағы балаларға қолдау көрсетеді. Ұйым сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен жетім балалардың құқығын қорғауға қатысты заңнама мен тәжірибені жетілдіру бойынша ұсыныс әзірлеуге қатысады және басқа да қоғамдық ұйымдармен реформаларды ілгерілетуде бірлесіп жұмыс істейді.

Гүлнар Досаева
Гүлнар Досаева. Фото: old.dara.kz

"Дара" қорының қолдауының арқасында Алматы және Түркістан облыстарының орталығында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен ресурстық орталықтар ашылды.

Былтыр қор қайырымдылық аукционын ұйымдастырып, 69 млн теңгеге жуық қаражат жинаған. Осы қаражатқа ұйым Қазақстанның 19 қаласындағы аз қамтылған отбасынан шыққан 735 ерекше баланы, балалар үйлеріндегі жасөспірімдерді, сондай-ақ үйде оқытылатын балаларды ноутбук, планшет, смартфон және модеммен қамтамасыз етті.

Тағы бір жарқын мысал – Clever Market стартапының негізін қалаушы, Teez маркетплейсінің тең құрылтайшысы, "Павлодар өзен порты" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Baq Esen қайырымдылық қорының құрылтайшыларының бірі Долорес Пшембаева. Қор мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтар құрумен және ауыл тұрғындары үшін білім мен денсаулық сақтау саласындағы жобаларды жүзеге асырумен айналысады.

Долорес Пшембаева
Долорес Пшембаева. Фото: жеке мұрағаттан

"Павлодар өзен порты" акционерлік қоғамының қызметі аясында Қазақстанның түрлі қаласында балаларға арналған заманауи спорт және ойын алаңдарын қайта жаңғырту және салумен айналысатын қайырымдылық кеңесі жұмыс істейді. Сонымен қатар компания 11 жастағы атыраулық шахматшы Зарина Нұрғалиеваға қолдау көрсетті. Кейін жас шахматшы Румынияда әлем чемпионы атанды.

Айта кету керек, "Павлодар өзен порты" "Дара" қайырымдылық қорымен бірлесіп, Павлодар облысында "Тәлімгерлер" қайырымдылық жобасын жүзеге асырып жатыр.

Табысты кәсіпкер әрі мен меценаттардың бірі – Әсел Тасмағамбетова. Ол Telli Kazakhstan био-бутигінің иесі және Veless компаниясы капиталының үлесіне ие.

"Сәби" қайырымдылық қоры – Әсел Тасмағамбетованың өмірлік ісі. Қор Қазақстан халқының әртүрлі санаты үшін әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысады. Атап айтқанда, ұйым аз қамтылған балаларға арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады және мүмкіндігі шектеулі жандардың "өмірін жеңілдетеді".

Әсел Тасмағамбетова
Әсел Тасмағамбетова. Фото: asianecology.kz

Іскер әйел отандық және халықаралық экологиялық бағдарламаларға белсенді қатысады. Ол Орталық Азиялық қоршаған ортаны зерттеу институтына ие. "Сәби" қорының қызметі аясында Әсел Тасмағамбетова табиғатты қорғау шараларына да көңіл бөліп, Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру жобасын жүзеге асырып, қолдау көрсетеді.

Еліміздің ең жарқын іскер әйелдерінің бестігін Гауһар Қаппарова тұйықтайды. Ол G&G компаниясының негізін қалаушы және бас директоры, әлемдік деңгейдегі британдық LUX Magazine журналының редакторы, YPO Kazakhstan клубының президенті. Кәсіпкерлікпен қатар Гауһар қайырымдылықпен айналысады және қазір Нұрлан Қаппаров атындағы қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі. Ұйым дарынды балаларға, аз қамтылған отбасы балаларына және мүгедек балаларға көмек көрсетеді. Гауһар Қаппарованың бастамасымен Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару Гарвард мектебінің студенттерін қолдау мақсатында стипендия тағайындалды.

Гауһар Қаппарова
Гауһар Қаппарова. Фото: lancasterholding.com

Сондай-ақ іскер әйел белгілі бестселлерлерді қазақ тіліне аударуда "Мазмұндама" қоғамдық қорына қолдау көрсетіп, бірнеше кітаптың жарыққа шығуына үлес қосты.

Бұл нәзік жанды әйел қауымының қайырымды өкілдерінің аз ғана бөлігі. Қайырымдылықпен айналысып, қоғамдық жұмыстарға елеулі үлес қосып жүрген әйелдер бұдан да көп.

Бұл рейтинг Қазақстан әйелдерінің бизнесте табысқа жетіп қана қоймай, қайырымдылық және қоғамдық бастамаларға ат салысып, қоғамның дамуына маңызды үлес қоса отыра, мұқтаж жандарға көмектесетінін көрсетеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2139282-aiel-isi-qaiyrymdylyqpen-ainalysatyn-eng-zharqyn-qazaqstandyq-isker-aielder-reitingi/