Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қоқысқа толып жататын еді": шымкенттіктер жүгіруге және велосипед тебуге арналған жаңа жол туралы пікірін айтты

Жарияланған күні:

Шымкенттегі жүгіру жолы
Шымкенттегі жүгіру жолы. Фото: Гүлдана Дидарбек

Шымкентте жақында ашылған жүгіру және веложолы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Әсіресе жастардың бас қосып, салауатты өмір салтын сақтап, бірге тиімді уақыт өткізетін орындарының бірі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Шымкентте бұрынғы балалар темір жолының орнына жақында жүгіру және веложолы бар серуендеу алаңы ашылды. Орталық стадионнан дендробаққа дейін веложолдың ұзындығы 8 шақырымға жетеді.

Жобаға сәйкес, жан-жағы көгалдандырылып, сәкілер қойылып, қалалықтарға тынығып, демалу үшін жағдай жасалынған. Сондай-ақ веложол, жүгіру жолағы, воркаут алаңдары салынған. Көп өтпей ақ бұл алаң қалалықтардың сүйікті орнына айналып үлгірді. Таңертең және кешкісін мұнда әсіресе студент жастар бас қосып, велосипед тебеді, серуендеу алаңына жиналады. 

“Веложол деген тіпті жақсы болды. Теп-тегіс, тап-тұйнақтай жинақы жаңа веложолмен сыныптастарыммен бірге велосипед тебеміз. Достарыңмен жиналуға себеп болар сүйікті орнымызға  айналды. Өзім Астанада студентпін. Туған қаламның көркейіп, әдемілене түскеніне қуанамын,” - дейді 20 жастағы Арыстан Жақсылықұлы. 

Қала тұрғындары мен қонақтары

“Бұрын спортпен айналысқанда жаттықтырушы осы балалар теміржолының бойымен жүгіртетін. Қоқысқа толып, күтімсіз боп жататын еді кей жерлері.  Жазғы каникулда туған қалама келіп, веложолдың ашылғанын естігелі осы жақтан шықпаймыз. Бәрімізде бір-бір велосипед. Достарыммен стадионннан дендропаркке дейін одан кері қарай әбден шаршағанша велосипед тебеміз. Велосипеді жоқтарға жалға беретін орын да бар. Воркаут алаңы да күшті,” - дейді алматылық студент Нұрдәулет Байжігіт. 

Жуырда ашылған веложолы бар серуендеу алаңы жобасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылыпты. Қазір Шымкенттегі Нұрсәт шағынауданында да тағы бір жүгіру жолы салынып жатыр. Дәл қала әкімдігінің жанындағы саябақта. 

“Бүгінде Шымкентте дене шынықтыру мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға ден қойылған. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына  жағдай жасау мақсатында серуендеу алаңдары мен түрлі орталықтар пайдалануға берілуде. Саябақтар мен қоғамдық орындар да азаматтардың жаттығу жасап, дене шынықтыруына қолайлы жасалуда. Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері Шымкентте  салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 97 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 11 мыңнан астам адам қатысты. Қазіргі таңда мегаполисте 33 спорт ұйымында 74 спорт түрі дамып келеді”, - деп мәлімдеді Шымкент қаласының әкімдігі өкілдері.   Сонымен қатар жыл соңына дейін шағын футбол орталығын және үш спорт залы бар спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2139597-qoqysqa-tolyp-zhatatyn-edi-shymkenttikter-zhugiruge-zhane-velosiped-tebuge-arnalgan-zhanga-zhol-turaly-pikirin-aitty/