Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысының бас имамы мас күйде көлік басқарған деген ақпарат тарады: ҚМДБ мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Мешіт суреті
Мешіт алаңы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Қостанай облысының бас имамы ішімдік ішіп, мас күйде ұсталды деген ақпарат тарады. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы KAZ.NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.

Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының имамы 2024 жылғы 23 шілдеде Ақмола облысының Бурабай кентінде автокөлігін масаң күйде жүргізіп, жол ережесін бұзғаны туралы ақпарат тарады

Осы ақпаратқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады.

"Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған оны Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды.

Алла Тағала баршамызды жамандық пен өкінішті істерге жетелейтін нәпсі қалауының кесірінен сақтағай", - делінген мәлімдемеде.

"ТоболИнфо" ақпаратынша, полиция толтырған хаттамада Toyota Highlander тізгіндеген бас имамның 23 шілдеде Бурабайдағы Кенесары көшесінде түнгі сағат 3-те ұсталғаны жазылған.

Ол кінәсі жоқ екенін, алкогольді ішімдік ішпегенін, тек қымыз ішкенін айтқан. Алайда медициналық куәландыру нәтижесі оның айтқанын теріске шығарған.

Бурабай аудандық сотының қаулысына сәйкес, дін қызметкері ӘҚБтК 608-бабы 1-бөлігі бойынша 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2139658-qostanai-oblysynyng-bas-imamy-mas-kuide-kolik-basqargan-degen-aqparat-tarady-qmdb-malimdeme-zhasady/