Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тұрағұл Абайұлы: Абайдың кіші ұлы туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Тұрағұл Абайұлы және Алаш зиялылары
Тұрағұл Абайұлы және Алаш зиялылары. Фото: anatili.kazgazeta.kz

Абай Құнанбайұлы мұрасының кейінгі ұрпаққа мұрты бұзылмай жетуіне бірден бір үлес қосқан, Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтармен араласқаны үшін қуғынға ұшыраған Абай Тұрағұлұлы туралы не білеміз? Бұл материалымызда қазақстандық ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, аудармашы, қоғам қайраткері, абайтанушы, публицист Тұрағұл Абайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы сөз етеміз.

Тұрағұл – Абай Құнанбайұлының кіші баласы

Абайдың Әйгерімнен туған баласы Тұрағұл 1875 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген.

"...Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем кіші жамағат алғанда бастапқы бәйбішесі өзінен екі-үш жас үлкен еді, "ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады" деген шығар. Екінші, жалпы, қолы жеткен, әлі келмеген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылдыланғандықтан да шығар. Мен әкемнің отыз екі жасында, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді", - деп жазады Тұрағұл Абайұлы "Әкем Абай туралы" деген естелігінде.

Тұрағұл жастайынан ауыл молдасынан оқып, сауатын ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген.

Тұрағұл туралы деректердің бірінде Абай талантты жас шәкірттерінің сезім тербиесін толтырмақ ниетпен музыка үйретпекші болып, Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны аулына алғызғаны айтылады. Абайдың осындай тәрбиесінің арқасында бала жасынан өнерге бейім Тұрағұл домбыра, скрипка сияқты музыка аспаптарын еркін меңгерген, шебер музыкант, өз шешесі Әйгерімге тартқан әнші де болады. Тұрағұлдың бала жасынан зерек, ұғымтал, зерделілігімен қоса ақын, аудармашы болған.

Абай Құнанбайұлы және оның ұл-қыздары
Абай Құнанбайұлы және оның ұл-қыздары. Фото: aikyn.kz

Әкесі Абай мен ағалары Оспан, Әбдірахман, Мағауия қайтыс болғаннан кейін Құнанбай әулетінің басты адамы ретінде 1904 жылы болыс болып сайланып, билікке де араласқан.

Әке мұрасын жинаушы

Әкесінің шығармашылығымен бала күнінен жақсы таныс Тұрағұл 1909 жылы немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге Абай Құнанбайұлының тұңғыш өлеңдер жинағын шығарған.

Тұрағұл Абайұлы әкесі туралы естелігенде ақынның өлең жазатын сәтін былай сипаттайды:

"Таңертеңнен кешке шейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де. Өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды".

Абай қазасынан кейін Әлихан Бөкейханұлының ақылымен Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылдың қысы мен жазғытұрымында Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Ал жазда Абай мұрасын көрші әрі туысқан есебінде болған Мүрсейіт Біке баласы деген молданың қолына беріп, әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Көркем (ескіше хұсни) жазудың хас шебері, Абай ауылында бала оқытқан Мүрсейіт молда арнайы тігілген қоста отырып, өз жұмысын бір айда аяқтап шыққан екен.

Араға төрт жыл салып, Абайдың алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспаханасында басылып шыққан.

Абай Құнанбайұлы шығармашылығының 1909 жылы басылып шыққан тұңғыш жинағы
Абай Құнанбайұлы шығармашылығының тұңғыш жинағы: adebiportal.kz

Филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева Тұрағұл Абайұлының "абайтану ғылымының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, ақын өлеңдерінің текстологиясының дұрыс сақталуына, әкесі туралы деректердің кейінгілерге жетуіне атсалысқанын" жазады.

Тұрағұлдың әдеби мұраларының ішіндегі ең кұнды еңбегі – Мұхтар Әуезовтің өтініші бойынша жазған "Әкем Абай туралы" деп аталатын естелігі. Тұрағұл естелінде ақын болмысын айшықтап, шығармаларына талдау жасайды.

Тұрағұл Абайұлы – Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері

Тұрағұл Абайұлы елдің болашағына қажет істерге белсене араласып, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов сынды тұлғалармен етене араласқан.

Ол 1916 жылы майданның қара жұмысына аттанған жігіттердің жараланғандарына немесе науқастанып қалғандарына тілмаш ретінде қызмет еткен.

"Тұрағұл Абайұлы және Алашорда үкіметі" атты мақалада Тұрағұл Абайұлының 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері кезінде Алаш қайраткерлерімен бірге ұлт мүддесіне қатысты істердің бел ортасында жүргені кеңінен сипатталады.

Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары жер-жерде облыстық қазақ сьездерін өткізіп, онда болашақ қазақ автономиясын құру, земстволық басқару жүйесін енгізу, Бүкілресейлік құрылтай жиынына депутаттар сайлау, жалпы қазақ сьездерін шақыру тәрізді т.б. шешімдер қабылданып жатқан тұста, Тұрағұл Абайұлы 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облысы қазақтарының сьезінде осындай өмірлік маңызы зор мәселелер қаралып, жаңадан облыстық қазақ комитетіне мүшелікке сайланады.

Сол жылдың күзінде Семейде алғаш Алаш партиясының облыстық комитеті құрылған кезде Тұрағұл Абайұлы оған мүше болып енеді. Ол Әлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасовтармен бірге Семей облысының уездері мен ауылдарында сол партияның бастауыш ұйымдарын құрысуға, сондай-ақ облыстық және жалпы қазақ съездері жұмыстарына, ел өміріндегі тағы басқадай қоғамдық-саяси істерге қызу атсалысады.

Ал 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ сьезіне Тұрағұл Абайұлы делегат болып қатысып, онда Алашорда басшылары тарапынан Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатовпен бірге Түркістан қазақтарын Алаш автономиясына қосу жайын сөйлесуге тағайындалады.

"Тұрағұл Абайұлы Алашорда үкіметінің өміріндегі бұдан басқа да саяси маңызы зор істерге үнемі араласып отырған", - деп жазады мақала авторы.

Тұрағұл Абайұлы
Тұрағұл Абайұлы. Фото: adebiportal.kz

Келесі жылдың жазында Алтай губерниясы бағытында қызылдарға қарсы болған қанды шайқастарға Алаш атты әскері полкының құрамында Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқар Бегімбетов, Ғабдолла Қоскеевтармен бірге Тұрағұл Құнанбаев та  қатысып, Семейде большевиктер қолынан қапыда оққа ұшқан Алаш милициясының тұңғыш командирі Қазы Нұрмұхамедұлының кегін қайтарады.

1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынғанда, Тұрағұл да ұсталып, төрт айдай түрмеге отырып шығады.

Бес жылдан кейін Тұрағұл Абайұлы екінші рет қамауға алынып, 1928 жылдың көктеміне дейін Семей түрмесінде жатады. Түрмеден шыққан соң көп ұзамай мал-мүлкі кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылады.

Жазықсыз жапа шеккен Тұрағұл Абайұлы 1934 жылғы 6 наурызда 59 жасында Шымкентте дүние салады. Филолог ғалым Орынай Жұбаеваның Тұрағұлдың қызы Мәкеннің естелігіне сүйеніп жазуынша, қайраткердің сүйегі Шымкенттің орталығындағы мұсылман зиратына қойылған. Кейін зираттың үстінен химиялық зауыт салынып, қазақтың дарынды ұлының зираты сол күйі сол зауыттың астында қалып қояды.

Тұрағұлдың ұлдары да қуғынға ұшыраған. Абай әндерін ел ішінде таратушы домбырашы, әнші баласы Жебрәйіл Томск политехникалық институтында оқып жүргенде оқудан шығарылады. Кейін мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған. Тағы бір ұлы Зүбайыр да қуғынға ұшыраған. Жебрәйіл 1930 жылы Шымкентте 27 жасында, Зүбайыр 1933 жылы Бішкекте 26 жасында көз жұмды. Кенже қызы Мәкен Абайдың ән мұрасын осы заманға жеткізушілердің бірі саналады. Оның бұл еңбегін Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған.

Тұрағұл Абайұлының шығармашылық мұрасы

Тұрағұл Абайұлының шығармашылығы негізінен көркем аудармадан тұрады. Ол Джек Лондонның "Эскимос Киш", А.М. Горькийдің "Челкаш", А.С. Неверовтың "Мәрия – большевик", "Мен өмірге жерікпін" атты әңгімелері мен Б. Прустың "Антек" шығармасын, Д. Лондонның "Мартин Иден" романын қазақ тіліне аударған. Тұрағұл Абайұлы "Алладан мен қапа боп, тілеген күн", "Хат", "Әбішке", "Жауап хат", т.б. өлеңдер жазған.

Көркем аудармадан бөлек А.Бельцерден "Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы", С.П.Пиридолиннен "Мал шаруашылығының насихаттары", Г.Сперанскийден "Балалы әйел не білу керек" деген ғылыми-медициналық кітапшаны т.с.с. кітаптарды да аударған. Көптеген аудармасында Тұрағұл өзінің аты-жөнін көрсете алмаған кездер де болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2139741-turagul-abaiuly-abaidyng-kishi-uly-turaly-ne-bilesiz/