Ақтөбеде жол апатынан кейін жеті қызметкер жұмыстан шығарылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтөбеде бірнеше күн бұрын адам өліміне әкеп соқтырған жол апаты болды. Күдікті ретінде полиция қызметкері ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
23 шілдеде Ақтөбе облысында велосипедші мен оның жолаушысын көлік қағып, екеуі де мерт болды.
"23 шілдеге қараған түні шамамен сағат 00:50-де Ақжар-1 ауылының маңындағы айналма жолмен келе жатқан KIA көлігінің жүргізушісі велосипедші мен қасындағы адамды қағып, мерт қылды. Күдікті қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Бүгін Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне күдікке ілінген адам полицей екенін айтты.
"Жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Көлік жүргізушісі қамауға алынды. Қызметтік тексеріс жүргізіліп, 7 жауапты қызметкер, оның ішінде тікелей басшылар қызметінен босатылды", - делінген хабарламада.
"31 арна" мәліметінше, қаза тапқандар ерлі-зайыпты болған.
"Ақжар ауылының маңындағы тасжолда Kia көлігін басқарған полиция қызметкері тізгінге ие бола алмай, жол жиегінде велосипедпен келе жатқан ерлі-зайыптыларды қағып кетті. Содан кейін 34 және 35 жастағы ерлі-зайыптылар оқиға орнында көз жұмған. Қайғылы оқиға 23 шілдеде болған. Полиция қызметкерінің оқиға кезінде мас болғаны анықталған", - делінген телеарна сюжетінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2140083-aqtobede-politsei-erli-zaiyptylardy-qagyp-mert-qyldy-zheti-qyzmetker-zhumystan-shygaryldy/