Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жерлеу рәсімін бірізділікке түсіру керек": Мақтааралда имамдар мен билік өкілдері ысырапшылдық мәселесін талқыға салды

Жарияланған күні:

Жиынға қатысушылар
Жиынға қатысушылар. Фото: Мақтаарал ауданы әкімдігі

Мақтаарал ауданында зиратты күтіп ұстау және жерлеу рәсімінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу мақсатында арнайы мекемеаралық мәжіліс өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан сотының төрағасы, аудан прокуратурасының өкілі, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, аудандық орталық "Абдул Әкім" мешітінің бас имамы және дербес бөлім басшылары, Мырзакент, Атакент аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес төрағасы, аудан имамдары, ауыл билері және мазарат шырақшылары қатысты.

"Бүгінгі мәжілістегі өзекті мәселелердің біріжерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, жаназа, ас беру кезіндегі дәстүр, әдеттерді жүйелеу, жерлеу рәсімінде діни қызметкер тарапынан атқарылатын діни рәсімдерден бастап мәйіт көмілген соң қабірге қойылатын құлпытастың шариғат шарттары бойынша қандай болу керектігіне тоқталу. Сондай-ақ қайтыс болған адамның өлу себебін анықтау үшін медициналық сараптамадан өткізудің тәртіптері бойынша талқылаймыз", - деді аудан басшысы.

Ең бірінші аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Еділ Алтынбаев сөз алды.

"Әрине, қазақ халқының ұғымында марқұмның жатқан жері туған-туыстары, ағайындары үшін киелі саналып, мазарды әрқашан күтіп ұстауға мән беріледі. Алайда ақиқатын анықтау мақсатында қылмыстарды ашу, қылмыскерді әшкерелеу және қайтыс болған адамның ақадал атын сақтау ниетінде мәйітті жерленген жерінен қайта қазып алу іс-әрекетіне, яғни эксгумацияға тұрғындар түсіністікпен қарау керек", - деді Еділ Алтынбаев

Мұнан соң сөзге шыққан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев аудан тұрғындарының 95 пайызы исламдық бағытта, қалған 5 пайызыы христиандық бағытта дін ұстанатынын еске салды. Бөлім басшысы бүгінгі күнде зираттарды күтіп ұстау және жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдыққа, бәсекелестікке жол берілетінін тілге тиек етті.

"Ауданымызда Бірлік, Достық, Еңбекші, Жаңажол, Иіржар, А.мҚалыбеков, Жамбыл, Мақтарал ауылдық округтерінде мазараттар орын тепкен. Жалпы барлық зираттардың жер көлемін есептегенде 105 гектарға жуық жерді алып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде "QAMQOR-SHARAPAT" салттық қызмет көрсету орталығы 2021 жылы өз жұмысын бастаған. Орталықтың негізгі мақсаты – құлпытас көтеруде ислам дінінің талаптарын сақтау, бәсекелестікке, ысырапашылдыққа жол бермеу" - деді Мадияр Асанұлы.

Жиын барысында Мырзакент аудандық ауруханасының бас дәрігері Мұқан Тұрсынханов және аудандық орталық "Абдул Әкім" мешітінің бас имамы Нұржан Мұсабековтар тақырыптарға байланысты өз пікірлерін қосып, қайтыс болғандарға міндетті түрде сот-медициналық сараптамалық анықтама алу керектігін жеткізді.

Бұдан бөлек, "Азаматтарға арналған Үкімет" АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Сапаркүл Қалменова қайтыс болғандығы туралы анықтаманы алудың тәртібін түсіндірді.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Бақыт Асанов мазараттарға архитектуралық сызба жасап реттеу керектігін айтты. Сондай-ақ жиында айтылған әрбір мәселе бойынша имамдар, ауыл билері жергілікте жерлерде, елдімекендерде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2140158-zherleu-rasimin-birizdilikke-tusiru-kerek-maqtaaraldyq-imamdar-men-bilik-okilderi-ysyrapshyldyq-maselesin-talqyga-saldy/