Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі балағат сөз айтқаны үшін сотта жауап берді

Жарияланған күні:

Дана Әтешова
Дана Әтешова. Фото: instagram.com/dana_ateshova

Елорда сотында Шымкент экс-әкімінің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешованың ісі қаралды. Бұл туралы Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Жоғарғы сот ақпаратынша, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша құқықбұзушыға қатысты әкімшілік материалды қарады (ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі).

Іс материалдарына сәйкес, келіншек отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына қатысты балағат сөздер айтқан.

"Сотта ол өз кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын балағат сөздермен қорламағанын, тек балағат сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен бірге бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді", - делінген хабарда.

ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.

"Құқықбұзушының жас балаларының болуы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады", - дейді Жоғарғы сот өкілдері.

Сот келіншекті кінәлі деп танып, ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі KAZ.NUR.KZ тілшісіне іс Шымкент экс-әкімінің ағасының бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға қатысты қаралғанын растады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2140257-buryngy-kuieuine-balagat-sozder-aitqan-kelinshek-sot-aldyna-keldi/