Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауру көбейіп жатыр": Жітіқара ауданының тұрғындары алтын кенін ашуға қарсы шықты

Жарияланған күні:

Жітіқара ауданының кен орынын қазуға қарсы белсенді топ
Жітіқара ауданыда кен орынын қазуға қарсы белсенді топ. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қостанай облысы Жітіқара ауданының тұрғындары Пригородное ауылының маңынан тағы бір алтын кенін ашуға қарсы шықты. Халық онсыз да бұл аудандағы экологияның нашарлығынан қатерлі ісікке шалдыққандар саны артқанын айтып жанұшырып отыр. Облыстың бас дәрігері де онкологиялық ауру көрсеткіші бойынша облыс аудандары арасында Жітіқара көш бастап тұрғанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Даудың басы Жітіқара ауданы Пригородное ауылындағы элеваторды жарудан басталды. Ауыл шетіндегі элеватор 1957-1974 жылдары салынған. Жергілікті тұрғындар осы элеватордың астында алтын қоры бар екенін кеңес дәуірі кезінен білетін. Бірақ соны ешкім, ешқашан қазып аламыз деп әрекет қылмаған. Жақында осы астық қоймасы жарылғыш заттар арқылы бұзылды. Бұл алып ғимаратты жай жармаған. Тау-кен кәсіпорыны соның астындағы алтын кенін ашуға белсене кіріскен сыңайлы. Мұны көрген жұртта зәре жоқ. Жарылыстан бөлек, жаңа алтын кені ашылуы мүмкін.

элеватор
Элеватор. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жітқара ауданында онсыз да кен орындары жетерлік. Асбест, алтын кеніштерінің экологиялық зардабын тартып отырмыз. Қостанай қаласындағы онкологиялық ауруханада біздің балаларымыз ем алып жатыр. Ересектермен қоса жастарымыз да жасына жетпей осы қатерлі ісікпен ауырады. Кен орынын аша берсе біз сонда қайда барамыз?! Кен орындарынан цианид шығады, цианид деген улы зат, радиациясы тағы бар. Оны бізге ешкім ашып айтпайды. Бірақ біз білеміз, өйткені ауру көбейіп жатыр. Сол үшін біз мында тағы бір алтын кенін қазуға қарсымыз", - дейді Жітіқара аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базылбек Жармұхамедов.

элеватор
Элеватор. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жітіқара ауданындағы 1000 тұрғыны бар Пригородное ауылы алтынның үстінде отыр десе болады. Элеватор ауылдың солтүстігінде бір шақырымдай жерде тұр. Ауылдан 3-4 шақырым жерде "Комаров" кен орыны орналасқан. Халықаралық JORC кодексінің 2015 жылғы мәліметі бойынша мұнда 40 тоннадай алтын қоры болды. Осы жерді ресейлік компания 2016 жылы 100 млн долларға сатып алды. Ауыл тұрғындары алғашында алтын кен орыны ашылады дегенде риза болған, бірақ қуанышы ұзаққа созылмапты.

алтын кені
Алтын кені. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Инвестормыз деп келеді, ал біз жұмыс орындарын ашар деп ойлаймыз. Ал бұлар келіп қазба байлықты алады, басқа ештеңе істеп жатқан жоқ", - дейді Жітіқара аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базылбек Жармұхамедов.

Кен орынымен көрші отырғанның зардабын ауыл тұрғындары кейін түсінген. Тау-кенде жарылыс болған сайын жерде толқулар сезіледі дейді. Ауылда кенішке жақын орналасқан баспаналардың қабырғасы сөгіліп кеткен.

Жітіқара ауданының тұрғындары
Жітіқара ауданының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үйімнің ауызғы бөлмеден бастап, төргі бөлмесіне дейінгі қабырғасында жарықтар бар. Әуелде мұның неден болып жатқанын түсінбедім. Сылап жөндей салатынмын. Кейін жарылыс болғанда үйдің білінер-білінбес сілк ете қалатынын түсіндік. Мен бұл жағдайды аудандық әкімдікке барып айттым. Кәсіпорын келтірген залалы үшін төлемақы өтесін деп шағым жаздым. Бірақ 3 айдан соң ауызша жауап келді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілі бұған қатысымыз жоқ депті. Үйдің іргетасы дұрыс қаланбаған деген сияқты жауап қайырған. Бірақ қазір барлық ауыл тұрғынынан сұрап көрсеңіз, әр үйде осындай жағдай, қабырғалары, әйнектері жарылған осы тау-кендегі сілкіністен, жарылыстың кесірінен болып жатыр", - Пригородное ауылының тұрғыны Назаркүл Оспанова.

Ауылдың оңтүстігінде орналасқан кен орынынан осындай зардап шегіп отырған халық енді солтүстігінен тағы алтын кеніші қазылады деген үзілді-кесілді қарсы шығып отыр. Бірақ ешкім оларға бұл жерде кен орынын ашамыз деп нақты айтпаған, тек геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр, әзірге байбалам салудың қажеті жоқ деп сабырға шақыруда. Бірақ осы элеватордың иесі саналатын компания астық қоймасынан астынан алтын қоры табылса геологиялық барлау жұмыстарын жүргізушілермен келіссөздер жүргізуге қарсы емес.

Компания өкілінің айтуынша Жітіқара элеваторы 10 жылдан бері қаңырап бос тұр. Техникалық сараптама жүргізген мамандар ғимарат қауіпті жағдайда деген қорытынды жасаған. Сондықтан бұзып жатқан көрінеді. Ал ауыл тұрғындары элеваторды алтын қоры үшін қиратты деп санайды. Халықтың сөзін ескерместен, кен орынын ашуға әрекеттенгендер ісіне ызалы.

"Экологиялық зардабына алаңдап отырмыз. Онсыз да Жітіқараның қазіргі экологиялық жағдайы нашар. Тұрғындары арасында онкологиямен қоса, жүрек тағы да басқа аурулармен ауыратындар көп. Тағы бір карьер ашса жағдайымыз тіпті нашарлайды", - дейді Пригородное ауылының тұрғыны Қуанышпай Тобылбаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше соңғы екі жылда қатерлі ісікке шалдыққандар саны бойынша аудандар арасында Жітіқара көш бастап тұр. 2024 жылдың бірінші сәуіріндегі статистикалық мәлімет бойынша 41 868 тұрғыны бар Жітіқара ауданында қатерлі ісікке шалдыққан 667 науқас тіркелген, бұл көрсеткіш 73 мың тұрғыны бар Қостанай ауданынан 7 есеге көп, ал, облыстағы ең ірі тау-кен өнеркәсібі орналасқан Рудный қаласынан 3 есеге артық.

"Жітіқара ауданы ауру-сырқат көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Мұнда асбест, тағы да басқа кен орындары бар. Ал онкологиялық аурулардың пайда болуына алдымен экология әсер етеді. Сондықтан облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда бұл аймақта дертке шалдығу көбірек, бірінші орында тұр", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Экологтар да кен орындарының көптігі экологиялық зардапты күшейте түседі деп дабыл қағып жатыр.

"Кеніштен шыққан шаң қалаға қарай ұшады, біз сонымен дем аламыз. Бұл енді шектен шыққандық. Өйткені, кенішті қазғанда химиялық элементтер көкке көтеріліп, қалаға келіп қонады. Шаһар іші шаң жиналатын құдық сияқты болады", - дейді "Ноосфера" экологиялық қозғалысының жетекшісі Виктор Безвугляк.

Жітіқара аудандық әкімдігі өкілдерінің айтуынша, алтын қорына қазір тек геологиялық барлау жүргізіліп жатыр, ал қазып алудың әлі әдістемесі не жобасы да жасалған жоқ. Сондықтан кен орынынан келер зардап бойынша мәселе көтеруге әлі ерте.

Жітіқара аудан әкімінің орынбасары Фархад Балашов
Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Фархад Балашов: KAZ.NUR.KZ

"Экологиялық кодекс бойынша кеніш елді мекеннен бір шақырым жерде орналасуы қажет. Ал Пригородное ауылы мен Элеватор кенінің арасы 1200 метр. Болашақ кен орыны элеватордың аумағында болмайды", - дейді Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Фархад Балашов.

Алайда тұрғындардың қарсылығына қарамастан геологиялық барлау жұмыстары тоқтамайды. Тау-кен кәсіпорынының ақпаратына сүйенсек, олар элеватор аумағында кен орынын ашық әдіспен қазу жұмыстарын шамамен 2028 жылға қарай бастайды. Жітіқара ауданында алтын кенін өңдемейді, ал жарылыс кезінде аммиак селитрасына қарағанда қауіпсіздеу эмульсиялық заттарды қолдануға уәде берді. Ал ауыл тұрғындарының наразылығын қоғамдық тыңдаулар өткізіп, тізіп алады. Арнайы комиссия құрылып, келіспеушілік тұстарын қарайтын болады.

Бұл даулы мәселені шешу жолдары бар дейді төтенше жағдайлар мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, зейнеткер геолог Дәулет Бапы. Ең бастысы алтын кеніші ашылатын болса онда барлық геологиялық, экологиялық заң талаптары қатаң сақталуға тиіс. Сонда экологиялық апат шығынын шектеуге болады.

"Жітіқара ауданы халқының бай-қуаттылығы үшін өнеркәсіп орындары керек. Сонда тұрғындары жұмыспен қамтылады, табысты болады, әрі мемлекет қазынасына салық түседі. Бірақ дәл сол жерге кеніш ашылатын болса онда Пригородное ауыл тұрғындарын көшіру керек. Тау-кен жарылысынан алшақ болғаны жөн", - дейді геолог Дәулет Бапы.

Автор: Гүлнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141106-auru-kobeiip-zhatyr-zhitiqara-audanynyng-turgyndary-altyn-kenin-ashuga-qarsy-shyqty/