Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"60 күн ауруханада жатты": Дәулет Мұқаев дүниеден озған анасына әсерлі жазба арнады (видео)

Жарияланған күні:

Дәулет Мұқаев анасымен
Дәулет Мұқаев анасымен. Фото: instagram.com/ daulet_mukayev

Күні кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев өмірден өткен анасына әсерлі жазба арнады. Ол ойын Instagram желісіндегі парақшасында тарқатты.

Дәулет Мұқаевтың айтуынша. кеше дүниеден озған анасы сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Марқұм 60 күн бойы ауруханада жатып, үш рет жансақтау бөліміне түскен.

"Анашым, маматайым, мама! Соңына дейін сендік қой, бәрі жақсы болып кететініне...Біз бәріміз бірге дертпен күрестік, бірақ бұл дерт (аутоиммундық ауру) бізден де күшті болып шықты. Ауру жайлы кейін тағы айтармын. Себебі үлкен зерттеуді қажет етеді, сирек кездесетін ауру. Елде емдеу хаттамасы да жоқ. Жас болашақ дәрігерлер отандық медицина үшін үлес қосулары қажет.

Анам ауруханаға жатқан күн 27 мамыр, көктем еді. 60 күн бойы ауруханада жатып, бір емес үш рет реанимацияға түсу деген қиынның қиыны. Жүрекке де, жанға да, миға да оңай емес. Анам ауырып жатқанын ешкімге айтпауды өтінді. Тек жақындары білдік. Сіздердің алдарыңызда менің жүзім күліп жүргенімен, жүрегім елжіреп, жылап жүрді. Көзден аққан жас пен іштегі өксігім тек өзіме және бір Аллаға аян болды.

Өзгеге көрсетпедім, ішімнен "мен мықтымын, мен сынбауым керек, әйтпесе, анамды кім емдейді" деген оймен жүрдім. Мен үшін осы 60 күннің әр күні арпалыс, күрес, уайым, белгісіздік, шарасыздық, ұйқысыз түндер, дұғамен өтті. "Амал нешік, Алланың әмірі, Алланың қалауы" деген оймен өзімді жұбатудамын. Бірақ ауызбен айта салу қиын. Жүрегімнің бір бөлшегін тілім етіп, біреу жұлып алғандай сезім. Қабырғам қайысуда. Ата-анам менің қос қанатым болса, бір қанатым сынып, құздан құлап бара жатқанымдай әсер...", - деді депутат.

Ол өз оқырмандарын анасын тірісінде құрметтеуге шақырды.

"Сені 9 ай құрсағында, 2 жыл бауырында, өмір бойы жүрегімен көтеретін бір ғана жан бар. Ол - ана! Аналарыңызды тірісінде бағалаңыздар. Жақсы сөздеріңізді айтып, махаббатарыңызды білдіріңіздер. Көбірек уақыт бөліңіздер. Бір күні кеш болады... Ал ол кезде ешкім уақытты кері қайтара алмайды. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес.Жаным, ана! Жаныңыз жәннатта болсын. Фирдаус төрінде болыңыз", -деп жазды Мұқаев.

KAZ.NUR.KZ редакциясы марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2141224-60-kun-auruhanada-zhatty-daulet-muqaev-dunieden-ozgan-anasyna-aserli-zhazba-arnady-video/