Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кешірім бермейміз": Түркістан облысында күйеуін буындырып өлтірді деп айыпталған 50 жастағы әйелге қатысты сот басталды

Жарияланған күні:

Судья үкім оқып тұр
Судья. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Түркістан қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта Сайрам ауданының тұрғынына қатысты сот басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

50 жастағы төрт баланың анасы 30 жыл отасқан күйеуін өлтірді деп айыпталуда. Сотта сөз алған сотталушы істеген ісін ішінара мойындайтынын мәлімдеді.

“Мойындаймын. Иә мойындаймын”, - деді сотталушы.

Қайғылы жағдай Түркістан облысы, Сайрам ауданында сәуір айында болған еді.

"Кешке ұлымен шай ішіп отырған әйелден күйеуі спирттік ішімдікке ақша сұраған екен. Солайша айыпталушының соңғы ақшасын алып кеткен. Осыдан кейін әйел күйеуін өлтіруді ойластырған".

.Сотталушы кешке ұлымен шай ішіп отырғанда күйеуі келіп ішімдікке ақша сұраған. Сөйтіп әйелден соңғы 1500 теңгесін алып кеткен. Бірер сағаттан соң ер адам үйіне мас күйде келіп, жанжал шыққан. Сондай-ақ әйелінің бетіне түкіріп жіберді. Ашуға булыққан сотталушы күйеуін өлтіруге бел байлайды. Масаң күйде отырғанын пайдаланып, артынан белбеумен буындырған. Дәрменсіз ер адам сол жерде жан тапсырған”, - дейді прокурор Тоқтар Аманқұл.

Жәбірленуші жақ келіннің қылмысын кешіре алмаймыз деп отыр. Олар қаралы хабарды ертесіне естігенін мәлімдеді. Барған бойда “күйеуіңнен құтылдың ба?” деп сұрағанын да жасырмады. Алайда адам өлтіруге жеткізетіндей жанжал болмағанын да алға тартты.

“Екеуі тату-тәтті тұратын. Бірақ інім спирттік ішімдік ішкен кезде келін хабарласатын еді. Айына бір-екі рет ұрттайтын. Үйіне барып, жатқызып қайтатынмын. Келінге ешқандай кешірім жоқ. Кешірім бермейміз”, - дейді жәбірленуші тараптың өкілі.

Отыз жыл отасқан ерлі-зайыптының арасында екі ұл, екі қыз бар. Ұлдарының бірі мүгедек болса, екіншісі студент. Айыптау актісінде оқиға кезінде екеуі де басқа бөлмеде болғаны жазылған. Марқұм үйінде шаштараз ашып, жұмыс істесе, әйелінің тұрақты жұмысы болмаған. Адам өлтіру бабы бойынша басталған істің келесі сот отырысы 20-тамызға белгіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143390-keshirim-bermeimiz-turkistan-oblysynda-kuieuin-buyndyryp-oltirdi-dep-aiyptalgan-50-zhastagy-aielge-qatysty-sot-bastaldy/