Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алданып қалған астаналық зейнеткер 75 млн теңгесін курьерге салып жіберген

Жарияланған күні:

Ақша санап отырған зейнеткер
Зейнеткер. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алаяқтар астаналық екі зейнеткерден жалпы сомасы 130 млн теңгені алдап иемденген. Күдікті ұсталды, осы қылмысқа қатысы барлар анықталып жатыр, деп хабарлайды Астана полиция департаментінің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Полицейлер қарт астаналықтардан миллиондарды алдап алған алаяқтар анықталғанын хабарлады.

Елордалық полицияда егде жастағы адамдарға қатысты жасалған алаяқтық жағдайлары тіркелген. Алаяқтар телефон арқылы қоңырау шалып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардан үлкен сомада ақшаны алдап алған.

Олар терроризмге демеушілік жасауға қатысы бар деген сылтаумен жәбірленушілердің банк шоттары тексеріліп жатқанын хабарлаған. Бұл ретте заңсыз операцияның алдын алу үшін астаналықтарға барлық қолда бар қаражатты "қауіпсіз" банк шотына аудару ұсынылған.

Осылайша, қаланың 68 жастағы тұрғыны алаяқтарға алданып, оларға 75 млн теңге ақшасын берген. Ер адам ақшаның бір бөлігін, яғни 20 млн теңге мен 35 мың АҚШ доллары көлеміндегі соманы такси курьері арқылы беріп жіберген, ал ол өз кезегінде ақша салынған пакетті белгісіз адамға берген.

Тағы бір жағдай бойынша алаяқтар 70 жастағы астаналықты алдап, оның 55 млн теңгеден астам ақшасын иемденген. Ол 59 мың АҚШ долларын және сувенир монеталарды дропперге берген. Қалған бөлігін әртүрлі шоттарға аударған.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елордалық жедел уәкілдер Павлодар облысының 21 жастағы тұрғынын анықтады, ол қылмыстық схемада дроппер рөлін атқарған. Жігіттің айтуынша, ол бұл "жұмысты" Telegram мессенджерінен тауып, әр көрсеткен қызметі үшін 150 мың теңгеден алған.

Жәбірленушілер үлкен сомада ақша аударған шоттарды бұғаттау бойынша санкциялар жіберілді. Қылмыстық схеманың барлық қатысушысының жеке басы анықталды", - деді елордалық ПД бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов .

Полицейлер алаяқтық деректері бойынша қылмыстық іс қозғады, қылмыстың қалған қатысушыларының орналасқан жері анықталып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға, күмәнді қоңырауларға сенбеуге және эмоцияларға берілмеуге шақырады.

"Ақша қаражатын бейтаныс адамдарға аударуға немесе беруге болмайды", - дейді полиция қызметкерлері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143461-aldanyp-qalgan-astanalyq-zeinetker-75-mln-tenggesin-kurerge-salyp-zhibergen/