Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жедел жәрдем де кіре алмайды": шымкенттіктер көпқабатты үй ауласындағы көлік кептелісіне наразы

Жарияланған күні:

Тұрғын үйдің жанындағы аула
Көрнекі фото: depositphotos.com

Шымкенттегі 17 шағынаудан тұрғындары үй ауласынан үздіксіз өтетін көлік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Олар үй алдынан ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің бірі балаларды қағып кете ме деп уайымдайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, көпқабатты үйдің жанынан тұрғын үй кешені салынған. Енді сонда көшіп келген көлігі бар тұрғындар кешенге кіру үшін 15а үйінің алдынан өтеді екен. Әрлі-берлі толассыз ағылған көп көліктен үнемі болатын кептеліс пен шудан шаршадық деген тұрғындар балалардың қауіпсіздігі үшін де алаңдайды.

"Жылдамдығы 40-пен өтеді, 50-мен өтеді шопырлар. Жай да өтпейді. Айналайын-ау, 15а-ның алдынан балалар жүгіріп шықса, не істейсің сен?! Қағып кетесің ғой қарап отырып, жас баланың өмірін қиясың ғой деп айтамын", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жақсылық Айтбаев.

"Мына жерде күні бойы кептеліс болады, жол тар, кішкентай балалар ойнап жүреді, оларға қауіп төнеді. Кешкісін көлік қою проблема, не жедел жәрдем, не өрт сөндірушілер кіре алмайды", - дейді тағы бір тұрғын Болат Мамадалиев.

Көпқабатты үйлердің алды тар болғандықтан, тұрғындар көліктерін үй артындағы жол бойына қояды. Салдарынан, ары-бері қозғалуы керек машиналарға кедергі келтіреді. Мұндағылар тұрғын үй кешенінің жүргізушілері көпқабатты үйлердің алдынан өтуіне қарсы. Сөздерінше, бұған дейін қала әкімі егер Т. Рысқұлов көшесіндегі жол ашылса, бергі қақпа жабылады деп уәде беріпті.

Үй ауласына кіретін тұста тіпті арнайы жол белгісі қойылған. Белгіге сәйкес көліктер толассыз жүруге және сигнал беруге болмайды, бірақ бұл ережеге бағынып жатқан ешкім жоқ.

Бұл мәселеден аудан әкімдігі хабардар екен.

"15а тұрғындары мендегі мәлімет бойынша өздері жақтағы аулаға кіретін жолды жапқысы келіп тұр. Бұл да тұрғындар, біреудің құқығын шектей алмаймыз ғой біз "шықпаңыз, шығыңыз" деп. Бірақ қазіргі таңда Т.Рысқұлов жақ та, аллея ақ та ашық, одан бөлек , 15-ші үйдің алдынан да өткен. Бірақ 15 үйдің тұрғындары алдынан өткізбейміз деп шығып жатыр, жабамыз деп уақытша. Жапса жапсын, жапса да, 17 шағынаудан ішіндегі аллея арқылы кіру мүмкіндігі бар, одан бөлек, жаяу жүргіншілерге Шаяхметов жақтан жол бар. Шешіліп тұр ғой мәселе. Тұрғындардың уәжі дұрыс. Екі үйдің тұрғындары – біздің ауданның тұрғындары, сондықтан жақын арада бірлесіп жиналыс өткізіп шешеміз деген жоспар бар", — деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.

Үйлердің жанынан бой көтерген тұрғын үй кешенінің проблемасына айналған қақпалары талапқа сай келмейтін болып шығыпты. Бұл туралы өртке қарсы рейд жүргізген төтеншеліктер мәлімдеді. Мамандар кешеннің екі жақ қақпасынан да өрт сөндіру көлігінің кіре алмағанын айтты.

"Әл-Фараби ауданы Т.Рысқұлов көшесі 62В мекенжайында орналасқан "Бірлік" тұрғын-үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл көпқабатты тұрғын үйде өрт-сөндіру автокөліктерінің кіруіне мүмкіндік болмады. Яғни бірінші кезекте тұрғын үй кешенінде орналасқан тұрғындардың автокөліктері және тұрғын үйге кірер Т.Рысқұлов көшесі және Ерімбетов жақ бетіндегі қақпамен шығу мүмкіндігі болмады", - деп пікір білдірді Әл-Фараби ауданы ТЖ басқармасының бас маманы Бәйдібек Әбілқасым.

Жергілікті билік өкілдері бұл мәселе шешімін табады дейді.

Аудан әкімінің орынбасары 17 шағынаудан тұрғындарымен арнайы жиналыс өткізеді. Содан кейін мәселенің шешімі анық болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143558-zhedel-zhardem-de-kire-almaidy-shymkenttikter-kopqabatty-ui-aulasyndagy-kolik-keptelisine-narazy/