Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2025 жылы Шымкенттегі төрт суару каналы күрделі жөндеуден өтеді (видео)

Жарияланған күні:

Суару каналы
Суару каналы. Видеодан скриншот: youtube.com/@tvotyrar

Бұған дейін диқандар су тапшылығының салдарынан егіс алқаптарын қысқартуға мәжбүр болған. Бір миллиардтан астам теңгеге бағаланған жоба шаруалардың осы мәселесін шешуге бағытталған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Сасық-1" каналындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Бұл күнді Жаңаталап тұрғын алабының диқандары ұзақ күтті. Бұл жөндеу жұмыстары су тапшылығын шешуі қажет еді. Алайда, қиындықтар әлі де бітер емес. Мұндағы шаруалар жобада шикілік көп деп отыр.

Абай Ахметов, шаруа: «Шлюз дұрыс емес. Құбыр дұрыс емес. Бір адамға жететін құбыр қойған. Неге жетеді ол? Үш адамға керек. Екінші орымнан 1000 пресс алудың орнына 250-ақ пресс алдым".

Шаруалар құрылыс барысында тұтынатын су мөлшері мен аумақ көлемі есепке алынбаған деп отыр. Соның кесірінен егінді суаруға екі есе көп уақыт кетеді екен. Ал жауаптылар нысанның әлі толық аяқталмағанын, техникалық қадағалаудың жүргізілмегенін айтады.

"Біз 2023 жылы Жаңаталап аумағынан ағып өтетін Сасық-1 каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай 99 пайыз аяқталды. Бізде қазір технадзор 1-2 кемшілікті берген соң қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Қапашев.

Шымкентте 8 мың гектардан астам суармалы жер бар. Оның 656 гектары осы "Сасық-1" каналының бойында орналасқан. Ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, қазір 40-тан аса шаруашылық 250 гектар жерді суару бойынша келісімшартқа отырған.

"Сасық-1" каналын қалпына келтіру жұмыстарына 1 млрд 179 млн теңге жұмсалған. Енді диқандар олқылықтың орны толады деп үміттеніп отыр. Жалпы Шымкенттегі 34 каналдың 27-сін шаруалар егін суару үшін пайдаланады. Оның ішіндегі өткен ғасырда салынған каналдар әбден тозып, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Осыған байланысты әкімдіктегілер келер жылы тағы 4 каналды күрделі жөндеуге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.

"Су тапшылығы қалада бар. Бүкіл жерде су тапшылығы болып жатыр. Соған байланысты қазіргі күнде көп шаруа су үнемдеу технологиясын пайдалану үшін тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологиясына көшу бойынша жобаларын алып келіп жатыр", - дейді ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы АӨК дамыту бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Хайдаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2143938-2025-zhyly-shymkenttegi-tort-suaru-kanaly-kurdeli-zhondeuden-otedi-video/