Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жұмысқа жету үшін бір аяқпен тұрып барамыз": шымкенттіктер қоғамдық көлік мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

Бадам ықшамауданы
Бадам ықшамауданы. Фото: otyrar.kz

Бадамдық тұрғындар инфрақұрылымға қолдары жетпей отыр. Аймаққа тұрғындардың көшіп келгеніне 10 жылдан асса да, әлі күнге қоғамдық көлік пен жол, жарықтың мәселесі күрделі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Бұл жерге осыдан 2 жыл бұрын автобус жүргіземіз деген кезде 2 автопарк басшылар келген. Келді де, "мына жолмен біз жүрмейміз" деді. "Бұл автобуспен қаншама халық тасимыз, қауіпті", - деді. Ана құлдиды көріп тұрсыз ба? Ол жерге көлік тоқтай алмайды", - дейді тұрғындар.

Бадамдық тұрғындар аймақтағы инфрақұрылым жүйесінің нашарлығына наразы. Жиналған жұртшылық 10 жылдан бері қоғамдық көлікке жарымай келе жатқанын айтады. Олар қаншама жердің есігін қағып, ақыры №16 бағдардың жүру жоспарын аймаққа қарай бұрғызған. Дегенмен көлік аялдамасы мен тұрғын үйлердің арасы бір шақырымға жуықтайды. "Бала-шағамызды көтеріп, сол жаққа артынып-тартынып баруға мәжбүрміз" дейді бадамдықтар.

"Бір күн жүрді де, он күн тоқтап тұр. Бірінде №16 маршрутты созамыз деген. Ешқандай көлік жоқ. Ана жақпен кетіп қалып жатыр. Мына жақта қанша халық бар, анау жақта қанша халық бар. Бір автобус келсе, таңертең жұмысқа жету үшін бір аяқпен тұрып барамыз. Жүгіріп бара жатсаң күтпей кетіп қалады. Мына жақпен жүру керек қой. Бізге айтатыны – жоғарыға автобус көтеріле алмайды дейді. Нұрсатта да, Сәуледе де сондай жердің бәріне шығып жатыр ғой. Неге бізге келгенде шыға алмай қалады?" - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айман Нұрымбетова.

Мұнда қоғамдық көлік келгенімен, оның жүру аралығы 40-50 минут. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көшелердің тар екенін айтады. Сондықтан автобусты Бадам тұрғын алабының жаңа құрылыс аймағына бұру талапқа сай келмейді дейді.

"№16 маршрут бұған дейін Наурызым көшесімен жүретін. Қазір бергі жақтағы аты жоқ көшеге ауыстырдық. Себебі автобус екі жаққа да қолайлы болуы керек. Елді мекеннің орталық және кең көшесімен жүруі қажет. Тұрғындардың шағымданып жатқан арызы ол автобусты – қуыс көшелерге кіргізу. Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына сәйкес мұндый ішкі көшелермен автобус жүргізу техникалық, қауіпсіздік шараларына сай келмейді", - дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Сапарбек Әділ.

Мұнда қордаланған мәселенің көптігі сонша, бірінің шешімі табылса, екіншісі дайын тұрады. Мәселен, мұндағы жолдарға асфальт төселгенімен, оған бір көлік қана сыяды.

"Көшені кеңейту жағын айтып жатырмыз. Бір ғана көлік сыяды. Екіншісі сыймайды. Екі машина қатар өту бұл жолда мүмкін емес. Екінші мәселе – жарықтандыру. 84-тен түскеннен кейін, мына жақтың бәрі қараңғы жүре алмайсың. Қыстың күні ештеңе көрінбейді, ыңғайсыз жүру. Ал жаңбыр жауса, жолдың осы бөлігі суға толып қалады. Ал қыстыгүні қараңғыда көрмей қалып, белшемізден суға батамыз", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әнуар Сүйентаев.

Ал әкімдік тұрғын алабындағы 43 көшенің 39-на асфальт төселгенін айтады. Жауаптылар құрылыс жұмысын талапқа сай жүргіздік деп отыр. Айтуларынша, жаңа құрылыс аймағына тұрғындар біртіндеп көшіп келгендіктен, мәселе де туындай береді.

"Ол жерде тар көшелер де бар. Біз кеңдігін қарамаймыз ғой. Бірақ екі көлік сыятын көшелер бар. Жағдайды транспорт басқармасымен бірге барып көрейік. Ол жерде көлік жүргізу бойынша да, транспортқа ұсыныс бергенбіз. №16 мен №122 автобус бар. Соның бірін қосалқы станцияға қарай жіберуге ұсыныс бергенбіз. Оны сол жақ шешеді. 2024 жылы екі көше жарықтандырылған. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасымен 11 көшеге жарық жүргізіледі", - дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаев.

Сонымен қатар бадамдықтар көше бойы қоқыс аймағына айналып бара жатқанын айтады. Себебі кейбіреулер қаланың ішінен келіп, құрылыс қалдықтарын осында үйіп кетеді екен.

"Қоқысымыздың түрі мынау. Қаладан келеді да төгіп кетеді. Соның бәрі бізге инфекция. Мына жақтың бәрінде балалар бар. Осында келіп ойнайды. Сондықтан инфекция болады деп қорқамыз. Оның үстіне ары-бері өзіміз де жүреміз. Мына қоқысты тазалап берсін. Қаладан әкеп қалдықты тастамасын. Оның бәрін қадағалайтын адам жіберсін", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ғалия Бүгебаева.

"Ол жерде тазалық жұмысы жүрмеді емес жүргізілді. 2-3 рет жүргізілді. Сонымен қатар басқа шағын аудандарда да тазалық жүргізіп жатырмыз", - дейді әкім орынбасары Ерлан Күзенбаев.

Мұнда 5 мыңнан аса халық тұрады. Олар 10 жылдан бері қордаланған мәселемізді айтпаған адамымыз қалмады дейді. Ал Еңбекші аудандық әкімдігі, проблемалы аймаққа жеке барып, шешу жолдарын іздестіреміз деп сендірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2144877-zhumysqa-zhetu-ushin-bir-aiaqpen-turyp-baramyz-shymkenttikter-qogamdyq-kolik-maselesin-koterdi/