Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бағасы 1 миллион теңгеге дейін жетеді": түркістандық тұрғын 45 жыл бойы көгершін асырап келеді

Жарияланған күні:

Құсбегі Дәулеткерей Төртбаев
Құсбегі Дәулеткерей Төртбаев. Фото: otyrar.kz

Төлеби ауданының Майлыбұлақ ауылында тұратын 50 жастағы Дәулеткерей Төртбаев 5 жасынан бері көгершін асырайды. Қазір үйінде 200-ге жуық көгершіні бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Атам Қобал құсбегі, итбегі, атбегі болған. Атамның құсқа деген құштарлығы маған берілген. Құсқа қызығушылығым 5 жасымда басталды. Содан бері бір сәт тоқтатпай, құс өсірумен айналысамын. Күнде таңертең сағат 5-те оянып, құстарыма қараймын. 3-4 сағатым соларды тамақтандыруға кетеді. Күтімін жасап, дәрісі мен дәрумендерін беріп, кептерхананы тазалаймын. Түнгі сағат 12-ге дейін құстарға қараймын. Үйімде құс ұстайтын үлкен қоршауым бар", - дейді Дәулеткерей Төртбаев.

Құсбегінің айтуынша, құстар да әлі тілі шықпаған бала сияқты. Ауырған жерін айта алмайды, қарны ашқанын түсіндіре алмайды. Құс өсіру үшін оның тілсіз тілін түсініп, жағдайын сезінуің керек. Құстың хал-ахуалын мөлдіреп тұрған көзінен білуге болады.

"Құстардың қанаты сынып, жараланып қалады. Мұның негізгі себебі – қаршыға сынды жыртқыш құстар оларды соғып, қанатын сындырып кетеді. Жаралы құстарды қаладағы ветеринарияға алып келіп емдетемін. Олар операция істеп, тігетін жері болса, тігіп береді.

Жыртқыш құстан бөлек, олардың негізгі жауы – ауру. Күз бен қыста қатты ауырады. Құстарым емделіп, кептерханаға кіріп-шығып не ұшып кетіп, қайта ұшып келгенін көргенде қуанып, көз жанарым демалады. Осылайша адам қатарына қосамыз дегендей, оларды құс қатарына қосамыз", - деп баяндап берді Дәулеткерей мырза сүйікті кәсібі туралы.

Үйде ауырып қалған құстарына қарайтын адам болмаған кезде торға салып, жұмысқа алып кетеді екен, тіпті қыдырып кетсе де, құстарын тастамай, алып жүретін көрінеді. Дегенмен құс асырау көп шығынды қажет етеді, оған кейбір адамның айлығы жетпеуі мүмкін дейді.

"Қазір 200-ге жуық көгершінім бар. Соның тек жеміне 30-40 мың теңге кетеді. Олар құр бидай жей бермейді. 7-8 түрлі жем жейді. Ал бұдан бөлек витамині, басқа да дәрі-дәрмегіне де қаражата кетеді. Онысы қымбат болады. Бізде сатылмайды, шетелден, көбіне Германия мен Қытайдан алдырамын", - деп құсбегі оларды асыраудың қызығы мен қиындығы туралы айтып берді.

Айтуынша, көгершіндерді сату үшін асырамайды екен, негізгі мақсаты – оларды емдеп, табиғатқа жіберу. Ал негізі бір кептерді 300 мың теңгеден 1 миллион аралығында сатып алып және басқа құсты жақсы көретін адамдарға сататын кездері де болады екен

"Жақында 11 бас кептерді 1 миллион теңгеге саттым. Сол ақшаға тағы жараланған құстарды емдеп, асырап, құс қатарына қосып жатырмын. Тапқан ақшаны құстардың емі мен жеміне жұмсаймын...

Менің бір арманым бар: бала кезімізде айналамызда құстар көп ұшып жүретін еді ғой. Көргенде көзіміз қуанатын, дауысын естігенде құлаққа қандай жағымды еді. Сондай заман қайта айналып келсе екен деймін", - деп қорытындылады сөзін Дәулеткерей Төртбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2144889-bagasy-1-million-tenggege-deiin-zhetedi-turkistandyq-turgyn-45-zhyl-boiy-kogershin-asyrap-keledi/